20:10, 20 Мамыр 2009
Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Мехмет Чичекпен кездесті
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат. Бүгін Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты, «Түркия-Қазақстан» парламентаралық достық тобының жетекшісі Мехмет Чичекпен кездесті,
деп хабарлайды Қазақпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында парламентаралық, оның ішінде түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы аясындағы байланыстарды одан әрі белсенділендіру мәселелері талқыланды. Қ.Тоқаев тарихы, діні мен ділі ортақ бауырлас елдердің ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтіп, Ассамблеяның қызметіне жан-жақты қолдау көрсету қажеттігіне тоқталды.«Қазақстан Ассамблеяның бауырлас елдердің қарым-қатынастарын жаңа белестерге жетелейтін беделді парламентаралық ұйым ретінде қалыптасуына және оның ролінің нығаюына мүдделі»,- деді Төраға.М.Чичек Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Коксал Топтанның Қ.Тоқаевқа жолдаған сәлемін жеткізе отырып, өз елі Парламентінің түркітілдес мемлекетттердің Парламенттік Ассамблеясының қызметін белсенділендіруге бағытталған шаралары туралы әңгімелеп берді.
Ассамблеяның кезекті отырысын үстіміздегі жылдың күзінде Әзірбайжанда өткізу жоспарланып отыр.