Сенат Төрағасы Қайрат Мәми ЕурАзЭҚ ПАА Төрағасы болып сайланды
деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Отырыста Қазақстан Сенатының төрағасы, ЕурАзЭҚ ПАА Бюросының мүшесі Қ.Мәми Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Парламентаралық Ассамблеясының төрағасы болып бірауыздан сайланды. Сенат төрағасы өз жұмысын жоғары бағалағаны және сенім білдіргені үшін әріптестеріне алғыс айтты.
- «Бар күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді ЕурАзЭҚ жұмысының тиімділігін арттыруға арнайтыныма сендіргім келеді»,-деді ол.
Парламентшілер алдында сөз алған Қ.Мәми ықпалдасудың жаңа міндеттері аясында заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етудің мәселелеріне тоқталды.
- «Қазіргі кезде Беларусь, Қазақстан және Ресейдің Кеден одағы табысты жұмыс істеп келеді. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістік, ал 2015 жылдан бастап - Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істей бастайды. Осының бәрі бізден, парламентшілерден құқықтық базаны жедел және сапалы жетілдіруді талап етеді»,-деді Қ.Мәми. Осыған байланысты төраға ұлттық заңнамаларды үйлестіру және Еуразиялық одақтың құқықтық негізін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
- «Біздің жұмысымыз тең құқықтылық пен тепе-теңдік қағидатын сақтай отырып, сыйластық пен өзара түсіністікке негізделуі керек»,-деп атап өтті Сенат төрағасы, ЕурАзЭҚ ПАА Төрағасы.
ЕурАзЭҚ ПАА отырысында Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Сотының судьялары тағайындалды. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысын бастайтын Қоғамдастықтың жаңа сот органына Қазақстан тарапынан еліміздің Жоғарғы сотының судьялары Мұсабек Әлімбеков пен Жолымбет Байышев баратын болды.