Сенат Төрағасы ҚХР Елшісін қабылдады
16:30, 07 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат. Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чэнь Гопинды қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Кездесу барысында Қ.Тоқаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға таяуда жасаған мемлекеттік сапарының тарихи сипатын атап өте келіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін қол жеткен уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.Қ.Тоқаевтың айтуынша, парламентаралық байланыстар мемлекетаралық қарым-қатынастардың маңызды бөлігі болып табылады.«Біз Қазақстан мен ҚХР-дың жоғарғы өкілетті органдары арасындағы ынтымақтастыққа зор маңыз береміз. Бізде табысты іс-қимыл үшін барлық мүмкіндіктер бар және сондықтан заң шығару ісінде жүйелі кеңесулер мен тәжірибе алмасу үшін тетіктер әзірлеу маңызды болып отыр», деді Төраға.Қ.Тоқаев ХӨБЖ төрағасы У Бангоға ізгі тілектестігін жолдай отырып ҚХР жоғары өкілетті органы басшысының ресми сапары Қазақстанда күтіліп отырғанын атап өтті.
Қытай дипломаты Төрағаның парламентаралық байланыстарды белсенділендіру қажеттігі және парламенттік өзара іс-қимылды іс жүзіндегі мазмұнмен байыту туралы пікіріне қолдау білдірді.Жүздесушілер ШЫҰ парламенттік бастамаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша пікір алмасты.