«Мұхтар Қапашұлы мемлекет тарихында ерекше орны бар тұлға. Оның айбынды ерлігі мен өмірі Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі жолында еңбек етудің жарқын үлгісі. М. Қапашұлы өзінің ерекше қарым қабілетінің, ерен еңбегінің Отан қорғаушы жауынгер кәсібіне деген шексіз адал қызметі арқасында ұшқыштар училищесінің қарапайым курсантынан Армия генералы, Халық қаһарманы атағына дейін көтеріліп, күрделі еңбек жолынан өтті. Ол Кеңес заманында-ақ дивизия басшысы болды. Алайда Мұхтар Қапашұлының өміріндегі ең жемісті әрі табысты жылдар Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік құрылысымен қатар келгені сөзсіз», - деді Сенат Спикері өз құттықтауында. Бұдан бөлек, Қ.Тоқаев Тәуелсіздік жылдарындағы М.Алтынбаевтың ерен еңбегін, оның егемен елдің армиясының қуатын арттыруға бағытталған қажырлы қаһармандығын айрықша атап өтті. Мерейтой иесінің заң шығарушы биліктегі қызметіне де ерекше жоғары баға берді. «Мұхтар Қапашұлының мерейтойына орай Сенат Бюросы оны Қазақстан Республикасының мемлекеттігі мен егемендігін нығайтуға, Президенттің реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге, қазақстандық парламентаризмді дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы шешім қабылдады. Оның үстіне біз, Сенат депутаттары арнайы сыйлығымызды да дайындап қойдық. Бұл - әдеттегідей шапан. Оны «Сенаттың шапаны» деп айтуға болады», - дей келе Төраға Қ.Тоқаев мерейтой иесін марапаттап, иығына шапан жапты.
11:59, 10 Желтоқсан 2015
Сенат Төрағасы Мұхтар Алтынбаевтың 70 жылдық мерейтойына орай «Құрмет» грамотасын тапсырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін көрнекті қайраткер, Халық қаһарманы, Армия генералы, сенатор Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара барысында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтой иесіне «Құрмет» грамотасын тапсырып, иығына шапан жапты.