Сенат Төрағасы Президент реформалары аясында қабылданған негізгі заңдарға тоқталды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жаңғырту реформаларын іске асыруда тәжірибе алмасуға мүдделі. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанда жұмыс істейтін дипломатиялық корпустың және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенат спикері экономикадағы басты міндеттер әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, шикізатқа тәуелділікті еңсеру, шағын және орта бизнесті жүйелі түрде қолдау екенін тілге тиек етті. Бұл міндеттердің бәрі пандемиядан кейінгі кезеңдегі басымдықтармен үндеседі.

«Жалпы, 2020 жыл басталғалы бері Қазақстан Парламенті 175 заң қабылдады. Оның жартысы, нақты айтқанда, 91 заң Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін қабылданды. Барлық заңның төрттен бірі депутаттардың бастамашылдығымен әзірленді», – деді Сенат Төрағасы.

Ол сөз барысында Президент реформалары аясында қабылданған негізгі заңдарға тоқталып өтті. Мемлекет басшысы «Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі әрі қарайғы шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғанына да назар аударды.

«Осы Жарлыққа сәйкес біз алдағы уақытта аса маңызды заңдар қабылдаймыз. Атап айтқанда, мүгедек адамдардың құқықтарын қорғауға, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің кез келген нысанын болдырмауға, қылмыстық сот төрелігі, азаптаулар мен зомбылықтың алдын алу бойынша азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беріледі. Сондай-ақ, сот-құқық қорғау жүйесін жаңғырту және сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері де назардан тыс қалмайды», – деді Сенат Төрағасы.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан реформалар саяси жүйенің сапалы өзгеруіне септігін тигізеді және олар ұзақ мерзімді сипатқа ие.

Сөз соңында Мәулен Әшімбаев Сенат халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жаңғырту реформаларын іске асыруда тәжірибе алмасуға мүдделі екенін атап өтті.

«Біз елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістерге қатысты халықаралық ұйымдардың, шетелдік саясаткерлер мен сарапшылардың ұсыныстарын үнемі назарда ұстаймыз. Заң қабылдаған кезде оның бәрін ескереміз. Алдағы уақытта да ынтымақтастыққа, өзге елдердің Парламенттерімен өзара байланыс орнатуға әрдайым ашықпыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, кездесуді Сенаттың вице-спикері Нұрлан Әбдіров жүргізіп отырды. Іс-шара барысында сенаторлар Владимир Волков, Дәурен Әділбеков және Динар Нөкетаева сөз сөйледі.


Соңғы жаңалықтар