Сенат Төрағасы Румыния Елшісін оның өтініші бойынша қабылдады

None
АСТАНА. Маусымның 24-і. Қазақпарат - Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Румынияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Емил Рапчаны оның өтініші бойынша қабылдады,

деп хабарлады ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Әңгімелесушілер көпсалалы Қазақстан-Румыния ынтымақтастығының даму қарқыны мен оны одан әрі нығайту жолындағы өзара мүдделілікті қанағаттанарлықпен атап өтті.

«Біз Бухересті Астананың Еуропалық Одақтағы маңызды саяси әрі экономикалық әріптесі ретінде қарастырып, қалыптасқан диалогты дамытуға мүдделіміз. Біз, сонымен қатар, екіжақты ынтымақтастықты белсенділендіруге оң ықпал еткен Румыния Президенті Траян Басеску мырзаның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындыларын жоғары бағалаймыз», - деді Қ.Тоқаев.

Қазақстандық Сенат басшысы парламентаралық байланыстарды нығайту мәселелеріне тоқталып, оның негізі екі елдің депутаттары мүше болатын парламентаралық ынтымақтастық тобының қызметі болуы тиіс екендігін атап өтті. Ол Румыния Сенатының Төрағасы Мирчя Джоан мырзаны өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Қ.Тоқаев сондай-ақ, румын бизнесі өкілдеріне жуырда өтетін III Астаналық экономикалық форум жұмысына қатысуға ұсыныс білдірді.

Жоғары палата жетекшісі румын дипломатиялық миссиясы басшысын Қазақстанның ЕҚЫҰ Төраға ретіндегі қызметі, сондай-ақ, өткізілген Трансазиялық парламенттік форум жұмысы мен Ауғанстандағы, Қырғызстандағы ахуалды экономикалық және саяси тұрақтандыру шаралары туралы хабардар етті. Ол Елбасы Н.Назарбаевтың таяуда жасаған мәлімдемесі аясында, Қазақстан ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы ретінде Қырғызстанды халықаралық құқық пен экономикалық алаңға қайтаруға, ол елде тұрақты дамуға қажетті жағдайлар құруға бар күш-жігерін жұмсайтынын атап өтті.

Елші өз кезегінде, Румыния Қазақстанның ЕҚЫҰ Төрағасы ретіндегі қызметін толық қолдайтынын мәлімдеп, ЕҚЫҰ саммитін шақыру жөніндегі, Қырғызстанды экономикалық өрлету бағдарламасын жасақтауға қатысты қазақстандық бастамаларды жоғары бағалады.

«Қазақстан көптеген халықаралық мәселелерді шешу жолында белсенді түрде жұмыстар атқаруда, ол өз кезегінде, ЕҚЫҰ әлемдегі беделін арттырып келеді», - деді Емил Рапча. Ол біздің еліміздің ЕҚЫҰ Төрағалығы жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.