Сенат Төрағасы Түркіменстан Президентімен кездесті

АСТАНА. 10 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті.

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.
Кездесу барысында екі ел арасындағы парламентаралық байланыстарды дамытуға баса назар аударылды. Мәселен, Қазақстан Парламенті Сенатында Түркіменстан Парламентімен ынтымақтастық тобы қызмет етеді. Жүздесуге осы топтың мүшелері де қатысты.
Тараптар парламентаралық өзара іс-қимыл ынтымақтастықтың маңызды бағыты екенін атап өтті. Сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды заңнамалық тұрғыда одан әрі қамтамасыз етудің қажеттілігі айтылды.
Г.Бердімұхамедов заң шығару жұмыстарының және парламентшілер арасындағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, Түркіменстан Мәжілісі Төрайымының атынан Қ.Мәмиді Ашгабадқа сапармен келуге шақырды.
Кездесу барысында Қ.Мәми Түркіменстан Президентіне Қазақстан Парламентінің құрылымы, өкілеті мен қызметі және заң шығару процестері туралы айтып берді.
Сенат Төрағасы Түркіменстан басшысының мемлекеттік сапары Қазақстан мен Түрікменстанның ынтымақтастығын одан әрі дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдіріп, мәртебелі мейманға сапарының сәтті болуына тілектестігін жеткізді.