Сенат басшысы әріптестеріне Ұлт жоспарын зерделеуді және қазіргі кездегі заң шығару ісінде пайдалануды тапсырды. «Ұлт жоспарын іске асыру біздің елімізді дамудың жаңа сапасына шығарады және әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енуге мүмкіндік береді. Біз осы бағдарламаның іске асыруға өз үлесімізді қосыуымыз керек», - деді Сенат Төрағасы.
Жоғарғы Палатаның 28 мамырда болатын кезекті отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Шекара ауданындағы сенім шаралары жөніндегі келісімді ратификациялау туралы»; «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Шекара өкілдерінің қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы»; «Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым) және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сумен жабдықтау және су бұру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты кредиттеу және субсидиялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (екінші оқылым) заң жобаларын қарайтын болды.