Сенат Төрағасы заң шығару қызметіне қомақты үлес қосқан ғалымдар мен сарапшыларға Құрмет грамотасын табыс етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күні қарсаңында Сенатта заң шығару қызметіне қомақты үлес қосқан ғалымдар мен сарапшыларға Құрмет грамотасын табыс ету салтанаты болды.

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде кәсіби біліктілігі мен терең білімі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуді уақытында іске асыруға ықпал еткенін атап өтті. Жоғарғы Палатаның Төрағасы ғылым, білім және денсаулық сақтау саласындағы сарапшылардың белсенді шығармашылық қызметіне де тоқаталды.

Сенаттың Құрмет грамотасына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсілов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, «Экомед» адам ұрпағын өрбіту медициналық орталығының жетекшісі Салтанат Байқошқарова, Құқықтық талдау институтының ғылыми қызметкерлері Алмат Ғаббасов және Гүлнар Қысықова, ҚазМЗУ Мемлекет және құқық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Сара Идрышева және ҚазМЗУ Ғылыми сараптама және талдау институтының сарапшысы Солидат Қайыржанова ие болды.