Сенат Төрағасының орынбасары Қ.Ищанов ТМД ПАА байқаушыларымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын көруге келген ТМД Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылар тобымен кездесті.

Кездесу барысында алдағы Парламент Сенатының сайлауына қатысты мәселелер талқыланды, конституциялық ережелер мен сайлау үдерістеріндегі қағидалар туралы мәселелер қозғалды.

Палата Төрағасының орынбасары Қ.Ищанов делегацияны Қазақстан Республикасы Парламентінің заң шығару қызметі және құрылымымен таныстырды.

Тараптар әділ және айқын сайлау өткізудің, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандығын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы өкілді билікті қалыптастырудағы сайлау өткізу барысында халықаралық стандарттар мен демократия қағидаларын құрметтеудің маңыздылығын атап өтті.

Кездесуге сенаторлар Бақтыбай Шелпеков және Владимир Редкокашин қатысты.