Сенат төрелік және аралық соттарды нығайтуға бағытталған заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төреліктің және аралық соттың қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған құжат Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген тапсырмаларды іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте заң жобасы ең алдымен төрелік және аралық соттардың қызметін нығайтуға, оның ішінде мемлекеттік соттардың жүктемесін азайтуға бағытталады.

Атап айтқанда, заң жобасы арқылы төреліктің және аралық соттың құзыретіне қолданыстағы заңнамада көзделгендей азаматтық-құқықтық шарттардан емес, азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды қарау құқығын беру арқылы кеңейту ұсынылады.

Тоқтала кететін жайт, елімізде аралық соттар және төрелік соттар туралы заң 2004 жылы қабылданған. «Осы заңның 8 жыл бойы қолданыста болғанына қарамастан олар осы институттардың кеңінен қолданылуына серпін бере алмады. Дамыған мемлекеттерде экономикалық және халықаралық құқықтық даулардың 70-90 пайызы аралық сот шеңберінде шешіледі. Сондықтанда, заң жобасы төреліктерді және аралық соттарды нығайтуға бағытталады»,-деді Әділет министрі Берік Имашев.