Сенат Трамптың Ақ үйдегі бал залына қаржы бөлу туралы заң жобасын қабылдамады

АСТАНА. KAZINFORM — Республикалық партия ұсынған Ақ үйдегі бал залын қаржыландыру үшін Құпия қызметке 1 млрд доллар бөлу туралы заң жобасы қайта пысықтауды қажет етеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап хабарлады.

Фото: yahoo.com

Заң жобасына Сенаттың Заң комитеті мен Ішкі қауіпсіздік және үкімет істері жөніндегі комитетінің бастамалары енгізілген. Алайда демократтар Дональд Трамп ұсынған ауқымды бал залы жобасы Сенаттың түрлі комитеттерінің құзыретіне кіретін көптеген мемлекеттік ведомстволардың үйлестірілген жұмысын талап етеді деп санайды.

Сонымен қатар кейбір демократтар «америкалық халық бұл жобаға бір цент те жұмсамауы керек» деген пікір білдірді.

— Республикашылдар Трамптың көңілінен шығу үшін бұл заң жобасына өзгерістер енгізеді деп күтеміз. Бірақ демократтар кез келген түзетуге қарсы шығуға дайын. Республикашылдардың ұлттық байлығымызды бейберекет пен жемқорлыққа жұмсап, америкалықтардың қажеттіліктерін елемеуіне жол бере алмаймыз, — деді Сенаттың Бюджет комитетінің мүшесі, Орегон штатынан сайланған демократ сенатор Джефф Меркли.

Республикашылдар келесі шығындарды ұсынды: Ақ үй кешенін күшейтуге — 220 млн доллар, келушілерді тексеру пунктіне — 180 млн доллар, қызметкерлерді оқытуға — 175 млн доллар және Құпия қызмет қорғауындағы тұлғалардың қауіпсіздігін күшейтуге тағы 175 млн доллар бөлу.

Кентукки штатынан сайланған республикашыл сенатор Рэнд Пол мен Мэн штатынан сайланған республикашыл сенатор Сьюзан Коллинз бұл жоба Трамп уәде еткендей жеке қаржы көздері арқылы қаржыландырылуы тиіс екенін айтты.

Бұған дейін Нью-Йорктегі халықаралық сауда мәселелері жөніндегі федералдық сот АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген 10 пайыздық импорттық баж салығын заңсыз деп таныды.