16:42, 01 Сәуір 2009
Сенат: Тұрғын үй-коммуналдық мәселелерге қатысты заң жобасы жалпы отырыста қаралатын болды
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының Экономикалық және аймақтық саясат комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй коммуналдық саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыс барысында аталмыш құжатқа байланысты баяндама жасаған Индустрия және сауда вице-министрі Еділ Мамытбековтың сөзіне қарағанда, құжат күшіне енетін болса Азаматтық кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс сияқты еліміздің барлығы 5 заңнамалық актісіне өзгерістер енгізілетін болады. «Заң жобасының Мәжілісте қарау барысында оған бірқатар өзгерістер енгізіліп, олар Үкімет тарапынан қолдау тапты», - дейді вице-министр. Оның айтуынша, заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың басым бөлігі «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына қатысты болып отыр. Атап айтқанда, ол тұрғын үй қатынастары саласын мемлекеттік реттеу мен кондоминум нысандары бойынша басқару шарасын жетілдіру шараларын қамтиды. Сонымен қатар құжатқа бір үй - бір кондоминум ұстанымы бойынша қызмет ету мәселесі енгізіліп отыр. Оған сәйкес тұрғын үй қоры жергілікті билік тарапынан құрылған арнайы орган арқылы бақылауға алынатын болады. Құжатты жан-жақты талқылаған сенаторлар оны Сенаттың жалпы отырысында бірінші оқылымда қарайтын болып шешті.