деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі күні қолданыстағы тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін заңнамалық акті 1991 жылғы қаңтардың 5-інде қабылданған «Тұтынушылардың праволарын қорғау туралы» Қазақ КСР заңы болып табылады. Осыған байланысты аталған заң жобасы жаңа редакцияда жасалып отыр. Құжаттың мақсаты осы саладағы заңнаманы ел экономикасының қазіргі талаптарына және қолданыстағы басқа да заңнамаларға сәйкес келтіру болып табылады. «Қолданыстағы заң - алғашқы нарықтық заңдардың бірі. Алайда, заң қабылданғаннан бері 19 жыл уақыт өтті. Осы мерзімде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайында көптеген өзгерістер орын алғаны белгілі. Сонымен бірге, қашанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау проблемасы өзекті мәселе болып табылады. Өйткені, елімізде бұл санатты қорғау жүйесі күні бүгінге дейін құрылмаған. Күнделікті өмірде - сатушы, дайындаушы, орындаушы тарапынан тұтынушылардың құқықтарын өрескел бұзушылықтар да орын алып жатады. Мысалы, тұтынушылар сапасыз тауарды сатып алып, оны айырбастай алмайтын жағдайға қалатыны да рас. Кейбір тауарлардың адам өмірі мен денсаулығына қауіптілігі жоғары. Сондықтан да заң жобасы осындай олқылықтарды жою мақсатында жаңа редакцияда әзірленді», деді сенатор Нұрлығайым Жолдасбаева.
Оның айтуынша, Сенат Парламент Мәжілісі мақұлдаған заң жобасына бірқатар түзетулер енгізген. Атап айтқанда, «тұтынушы» ұғымы нақтыланып, тұтынушылардың құқығын көздейтін нормалар толықтырыла түскен. Осыған орай, заң жобасы Парламент Мәжілісіне қайтарылып отыр.