Сенат ҰҚШҰ қызметіне қатысты заңды мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM — Сенаттың жалпы отырысында «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң және оған ілеспе құжат мақұлданды.

Фото: Ақорда

Сенат депутаты Геннадий Шиповскихтің сөзінше, өзгерістердің негізгі мақсаты — құралымдардың мүше мемлекеттер аумағында уақытша болуын қамтамасыз ету және тасымалдау шарттарын нақтылау.

— Біріншіден, келісімдердің түсіндірме аппараты кеңейтіліп, «транзит», «әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз ету», «аэронавигациялық қызмет көрсету» және «аэронавигациялық деректер» секілді терминдермен толықтырылды. Екіншіден, әскери құралымдарды Қабылдаушы тараптың аумағына жіберудің шарттары егжей-тегжейлі айқындалды. Үшіншіден, шұғыл ден қою жағдайлары үшін әскери тасымалдауға өтінім беру мерзімі үш тәуліктен бір тәулікке дейін қысқартылды. Төртіншіден, Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен жүзеге асырылатын тасымалдаулар кезінде қабылдаушы немесе транзиттік Тараптар бірқатар қызметті — әуе кемелерін қабылдау мен жөнелтуді, әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз етуді, тұрақ орындарын беруді, күзетті және аэронавигациялық қызмет көрсетуді — өтеусіз негізде атқарады. Алайда, жанармай, жағармай материалдары, арнаулы сұйықтықтар және газбен құю мәселелері тиісті келісімдер мен жекелеген уағдаластықтар бойынша жүргізіледі. Хаттамаларды ратификациялау Қазақстан мүддесіне және Ұйым шеңберіндегі халықаралық міндеттемеге сәйкес келеді, — деді сенатор.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс ҰҚШҰ қызметіне қатысты заңды қабылдағанын жазғанбыз.