Сенат үш жылдық бюджетке түзету енгізіп, Мәжіліске қайтарды

Фото: Фото: Kazinform

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңының жекелеген баптары мақұлданбады. Бұл ретте аталған баптардың жаңа редакциясын ұсына отырып, құжат Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде есептеліп отыр.

Трансфертті есепке алмағанда кіріс 16,1 трлн теңге немесе түсімдердің жалпы сомасының 80% құрайды.

«Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарланған (2023 ж. – 4 трлн. теңге), оның ішінде нысаналы трансферт - 1,6 трлн теңге. Аталған қаражат әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталатын болады. Бұл – автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау, инженерлік желілерді жаңғырту. Сондай-ақ, ұлттық жобалар аясында жүздеген әлеуметтік объектілерді салу қаралған. Жалпы, бюджеттің шығыстары 2024 жылы биылмен салыстырғанда 1,5 трлн. теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы Жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,6% деңгейінде болады. Республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толыққанды орындауға, өңірлерді дамытуға бағытталған», - деді Қаржы министр.

Оның сөзіне қарағанда, халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің басты басымдығы болып қалады. Осыған орай әлеуметтік шығындардың бюджет шығыстарындағы үлесі 40 пайыздан асады.

Бұл ретте тек индекстелген зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуге 5,4 трлн теңге қарастырылған.

Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, оның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға, 2,4 трлн теңге бағытталады.

Білім беру саласын дамытуға, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға, 1,7 трлн теңге жұмсалады.

«Өңірлерді дамытуға тоқталсақ, бұған республикалық бюджеттен 7 трлн теңгеден артық қаражат қарастырылған. Яғни жалпы бюджет шығыстарының шамамен
30% құрайды. Сондай-ақ, құжатты Сенатта талқылау кезінде Үкімет резерві есебінен «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға қосымша 13,6 млрд теңге, өңірлердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 30,1 млрд теңге бөлуге қатысты қолдау жасалды», - деді Е. Жамаубаев.

Атап айтқанда, экономиканың нақты секторын дамытуға 2,9 трлн теңге бағытталады. Оның ішінде кәсіпкерлікті қолдауға 1,2 трлн теңге жоспарланған. Күш құрылымдарының 2024 жылға арналған шығыстары 2,6 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.

«Сенатта комитеттер мен жұмыс топтарының 22 отырысы өткізілді. Онда депутаттардың 250-ден астам сауалына жауап берілді. Депутаттар көтерген мәселелер, әсіресе өңірлердің қажеттіліктері барынша ескерілді. Нәтижесінде маңыздылығына қарай 196 млрд теңге қайта бөлінді. Президент және Үкімет резерві есебінен 120 млрд теңге қосымша қарастырылды», - деді Қаржы министрі.

Өз кезінде депутат Сұлтанбек Мәкежанов осы заңды талқылау барысында Сенаттың тұрақты комитеттерінен және депутаттардан өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде 180 ұсыныс келіп түскенін айтты.

2024 жылы 119,5 млрд теңге сомасына шығыстарды ұлғайту бойынша ұсыныстар қолдау тапты.

«Жалпы, 2024 жылға Сенат депутаттарының Үкіметпен бірлесіп пысықтау нәтижесінде 119,5 млрд теңге сомасына бастамалар қолдау тапты. Ал, үш жылдық кезеңге барлығы 228,7 млрд теңге сомадаға ұсыныстарға қолдау жасалды. Аталмыш бастамалар өңірлерді одан әрі дамыту нәтижесінде, азаматтарымызды әлеуметтік қорғауға және олардың кірістерін арттыруға бағытталады. Енді шығындардың негізгі бағыттарына қысқаша тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер. Әлеуметтік салада Мемлекет басшысының маңызды бастамаларын іске асыруға қосымша 42,1 млрд теңге көзделген. Біріншіден, ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеге дейін ұлғайту есебінен 350 мыңнан астам адамның табысы артады. Екіншіден, 33 мыңнан астам шахтер азаматтарымыз 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін алғаш рет арнайы әлеуметтік төлем алатын болады. Үшіншіден, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 21 нысан салынып, жөнделеді», - деді сенатор.

Мұнымен қоса, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 49,8 млрд теңгені құрайтын 82 жоба іске асырылады, оған 2024 жылға қосымша 13,6 млрд теңге көзделген.

Сумен жабдықтау және су бұрудың 30 жобасының жалпы құны - 98,3 млрд теңге. Оны іске асыруға 2024 жылы 14 млрд теңге қарастырылды.

Нәтижесінде қосымша қаржыландырылып, барлығы орындалғанда, халықтың сумен жабдықтаудағы көрсеткіш қалаларда 99 пайызға дейін, ал ауылдарда 97 пайызды құрайды.

«Газ тасымалдау жүйесін дамыту үшін 20 жобаны іске асыруға жалпы құны 34,5 млрд теңге құрайтын жоспарда 2024 жылға 3,4 млрд теңге көзделіп, 16 ауылдық елді мекенде шамамен 31,9 мың адамның табиғи газға қол жеткізуін қамтамасыз етеді», - деді депутат.