Сенат ветеринария мәселелеріне арналған заң жобасын Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылап, бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен, құжатты Мәжіліске қайтарды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған заң жобасының негізгі мақсаты ? еліміздегі ветеринария жүйесін мемлекеттік басқару және реттеу болып табылады. Сонымен бірге, құжатта ветеринария ұйымдарының қызметін қайта қарау, ветеринариялық-санитарлық салауаттылықты және тамақ өнімінің, ветеринарлық дәрі-дәрмектің қауіпсіздігі шаралары қамтылады. Қазақстанның алдағы уақытта ДСҰ-ға кіруі жануарлардың денсаулығын және өндірілетін тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы белгілі бір құқықтық нормаларды енгізуді қажет етеді. Осыған орай, заң жобасында тиісті тетіктер қарастырылып, еліміздегі жануарлардың жұқпалы аурулары бойынша эпизоотиялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ, тамақ өнімінің ветеринарлық-санитарлық тұрғыдан қауіпсіз өндірісін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құжатты екінші оқылымға әзірлеу барысында палата депутаттары бірқатар түзетулер енгізген. Атап айтқанда, Мәжіліс мақұлдаған жобаға сенаторлар «ветеринарлық бақылау бекеті», «ет өңдейтін кәсіпорын» және «сою алаңы» деген ұғымдарды айқындауға қатысты толықтырулар жасады. Бұдан басқа редакциялық нақтылау сипатындағы өзгерістер де қамтылып отыр.