Заңда атом саласын дамыту барысында қоғамды алаңдатып отырған сұрақтарға жауап беретін, адамдардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын қорғайтын сенімді құқықтық кепілдіктер қалыптастырылған.
- Олардың ішінде, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қатынастарда мемлекет, кәсіпорындар, жергілікті билік үшін қатаң ережелер бекітілген, шетелдік радиоактивті қалдықтарды елге әкелуге тыйым салынған, мұрағаттық радиоактивті қалдықтарды жою тетіктері қарастырылған. Аталған нормалар жалпы еліміздегі экологиялық жағдайды сауықтыруға ғана емес, сонымен қатар, ядролық сынақтардан зардап шеккен өңірлердің дамуына оң әсер етеді деп ойлаймын. Бұдан басқа, тарихи радиоактивті қалдықтармен және ядролық мұра объектілерімен жұмыс істеу тәртібінің белгіленуі мемлекетімізде қауіпсіздіктің кешенді жүйесін құруға және радиациялық қауіпсіздіктің бірыңғай, кешенді жүйесін қалыптастыруға бағытталған өте маңызды қадам екенін атап өткен жөн. Бұл - Қазақстанның экологиялық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мағыналы қадам. Өйткені, атом саласындағы бұрыннан жинақталған проблемаларды шешумен қатар, мемлекетіміздің экология саласындағы болашақ бағытын да бағдарлап отыр, - деді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.
Оның айтуынша, Бұл құжат қоршаған ортаны және халық денсаулығын радиоактивті қалдықтардың ықтимал зиянды әсерінен қорғау, еліміздің халықаралық экологиялық стандарттарға сай дамуына және атом энергиясын бейбіт мақсатта қауіпсіз пайдалануына берік негіз қалайды.
Құжаттағы негізгі нормалар
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мәліметіне қарағанда, заңға ҚР Парламентінің депутаттары радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қатынастарды реттеу тетіктерін белгілеу және күшейту мақсатында бастамашылық жасады.
Заң нормаларында Қазақстан Республикасы Үкіметінің, уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органдардың радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы құзыреті бекітілген. Радиоактивті қалдықтардың түзілуін, олардың жинақталуын, сақталуын, қайта өңделуін, тасымалдануы мен көмілуін, олардың бақылаусыз айналымының алдын алуды қамтамасыз етуді, сондай-ақ ядролық, радиациялық, ядролық физикалық және экологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін жүйелі және дәйекті есепке алуды көздейтін радиоактивті қалдықтарды мемлекеттік есепке алу және бақылау белгіленді.
Сондай-ақ, Заңда радиоактивті қалдықтарды сыныптау, ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды радиоактивті қалдықтар санатына ауыстыру, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектілерін санаттарға жатқызу регламенттелген.
Құжатта радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық оператор институты енгізілді. Радиоактивті қалдықтардың қолайлылық өлшемшарттарына сәйкестігі расталғаннан кейін және радиоактивті қалдықтарды қабылдау-беру актісіне қол қойылған сәттен бастап олар Ұлттық оператордың меншігіне өтеді.
- Ядролық мұраға жататын, 1992 жылға дейін түзілген және меншік иесі жоқ радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз сақтау және көму шешімін қамтамасыз ететін «тарихи радиоактивті қалдықтар» жаңа анықтамасы енгізілді. Сондай-ақ радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектілерін пайдаланатын не радиоактивті қалдықтармен операцияларды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға осындай объектілердің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде қауіпсіздікті, бақылауды және төтенше жағдайларға дайындықты регламенттейтін нормативтік талаптар мен ережелер белгіленген. Заң нормаларында радиоактивті қалдықтарды сақтау, өңдеу, кондиционерлеу немесе көму үшін елге әкелуге жалпы тыйым салу белгіленген, - деп аталып өткен комитет ақпаратында.
Радиоактивті қалдықтардың халыққа және қоршаған ортаға әсерін болдырмайтын, оларды кейіннен алу ниетінсіз ұзақ мерзімді оқшаулауды қамтамасыз ету мақсатында, радиоактивті қалдықтарды көмуге қойылатын базалық қағидаттар мен талаптар жазылды.
Еске салсақ, былтыр күзде Парламент Мәжілісінде «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжаттар таныстырылды.