Сенат жаңа Салық кодексін талқылайды

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Әдетте әр аптаның бейсенбі күні өтетін Сенаттың жалпы отырысы бұл жолы дүйсенбіге ауыстырылды. Онда сенаторлар Мәжіліс мақұлдадаған бірқатар заңды талқыға салады.

Сонымен сағат 10:00-де өтетін жалпы отырыстың күн тәртібіне төмендегі мәселелер енгізілген:

- ҚР Салық кодексі жөнінде (бірінші оқылым).

- ҚР кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (бірінші оқылым).

- ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (бірінші оқылым).

- «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша ҚР заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (бірінші оқылым).

- ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (бірінші оқылым).

Сенаторлар талқыға салатын әр заң жобасы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг жоспарланған. Оған мыналар қатысып, тілшілер сауалына жауап береді:

1. Бекболат Орынбеков – Сенат депутаты;

2. Серік Шайдаров – Сенат депутаты;

3. Серік Жұманғарин – Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі;

4. Ержан Біржанов – Қаржы вице-министрі;

5. Қуандық Қажкенов – Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.

Осы жылдың 30 сәуірінде Мәжіліс қабылдаған жаңа Салық кодексінің негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге жағдай жасайтын әділ, икемді әрі цифрландырылған салық жүйесін құру. Құжатта дифференцияланған салық мөлшерлемелерін енгізу, салықтар мен алымдар санын қысқарту, арнайы салық режимдерін реформалау және салық төлеушілермен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу көзделген.

Ал оған ілеспе заң қолданыстағы заңнаманы жаңа Салық кодексінің ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған. Өзгерістер Кәсіпкерлік, Бюджет, Кеден, Әлеуметтік кодекстеріне, сондай-ақ өнеркәсіптік саясат, мемлекеттік сатып алулар және сауда қызметі туралы заңдарға енгізіледі. Негізгі жаңалықтардың қатарында – инвесторларды қолдауды күшейту, салықтық рәсімдерді нақтылау және терминологияны біріздендіру бар.

Мәжіліс мақұлдаған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері туралы заң тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнаманы жетілдіру үшін әзірленген. Онда қарастырылған жаңа тұжырымдамалар мен түзетулер тұрғындарға кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жағдай мен қоғамдық қатынастарды ескере отырып басқаруға мүмкіндік береді.

Заң жобасы тұрғындарға өз үйін кім және қалай басқаратынын таңдаудың нақты мүмкіндігін ұсынады. Екі негізгі нұсқа бар:

- мүлік иелерін біріктіру;

- тікелей бірлескен басқару (жай серіктестіктерге ұқсас, бірақ пәтерлер саны шектеусіз).

Бұл ретте жай серіктестіктер жойылмайды, олар тек бірлескен басқару тұжырымдамасына біріктіріледі. Пәтер иелері басқару процесін қалай ұйымдастыру керектігін еркін таңдай алады:

- тәуелсіз басқару – меншік иелерінің бірлестігі меншік иелері арасынан жұмысты ұйымдастыратын, қызметкерлерді жалдайтын және ғимараттың жағдайына жауап беретін төраға сайлайды;

- кәсіби басқару – меншік иелерінің бірлестігі кәсіби менеджермен келісім жасай алады, ал төраға бақылау функцияларын орындайды;

- басқаруды аутсорсингке беру – меншік иелерінің бірлестігі тек қадағалау өкілеттіктерін сақтай алады және барлық мәселені басқарушы компанияға бере алады.

Өткен аптада Сенаты спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін, бірқатар заңды және Жоғарғы Соттың судьясын қызметінен босату туралы мәселені қарады.

Үкіметтің есебін қарау барысында республикалық бюджеттің кірістері 97,2 пайызға атқарылып, 19,6 трлн теңгені құрағаны айтылды. Сонымен қатар аудиторлар бірқатар кемшілікті анықтады. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, ең алдымен, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы әрі нәтижелі іске асыру үшін бюджетті жоспарлауды жетілдіру керек. 

- Былтыр бюджеттің шығыс бөлігін бір жылдың ішінде 13 рет, табыс бөлігін 3 рет өзгерттіңіздер. Оның түсімдерге, салықтарға байланысты объективті себептері де болған шығар. Бірақ бұл жерде үлкен жүйелі мәселелер туындайды ғой. Неге олай жоспарланған? Жоспарланған кезде атүсті жасалған нәрсе ме? Олай болса, жоспарлаған адамдардың жауапкершілігі қандай? Олар жауапкершілікке тартылды ма, жоқ па? Әлде келесі жылы да сол методикамен жүре бере ме? Жоспарлау деректер негізінде жасалады ғой. Бастапқы деректер дұрыс алынған ба? Осындай кешенді түрде қарап, бюджетті жоспарлау мәселесі бір деңгейге шығару керектігі анық. Әрі қарай да бұлай бола бермейді енді, — деді ол.

Ал сенаторлар қабылдаған рақымшылық туралы заңда https://kaz.inform.kz/news/senat-rakimshilik-turali-zandi-makuldadi-89ad9c/ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды босату, атап айтқанда:

— қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасағандарды,

— залал келтіруге алып келмеген немесе оны толық өтеген ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарды,

— залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату ескерілген.

Сонымен қатар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар осы Заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істерді, оның ішінде соттарда қаралмаған қылмыстық істерді тоқтату қарастырылған. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту көзделген.

Осы заңның арқасында қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебіндегі 3,5 мың сотталған, барлығы 4 мың 100 адам бостандыққа шығады. 

Сондай-ақ сол күні сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мәліметіне қарағанда, заң аясында Жер, Орман, Кәсіпкерлік, Еңбек және Бюджет кодекстеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 9 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Заңда мыналарды көздейтін түзетулер енгізіледі:

- жергілікті халықтың мұқтаждары үшін Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының аумағында шөп шабуға рұқсат беретін нормалар;

- орманды көміртекті офсеттеріне құқықты иелену және оларды сату мәселелері;

- орман өрттерін сөндіру үшін әуе кемелерін тартқан жағдайға авиаотын резервін құру жөніндегі нормалар;

- ауылдық жерлерде қызметін жүзеге асыратын табиғат қорғау мекемелері жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақысын кемінде 25 пайызға көтеру;

- жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру құралдарын кеңейту жөніндегі нормалар.

Бұдан басқа, Заңда ЕҚТА-да орналасқан туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін және басқа да коммуникацияларды) жобалау, салу және оларға қызмет көрсету мәселелерін көздейтін түзетулер енгізіледі. Осыған байланысты құзыретті мемлекеттік органдарға инфрақұрылым мәселелерін реттеу бөлігінде өкілеттіктер беріледі, сондай-ақ бюджеттің шығыс бөлігінің мәселелері регламенттеледі.

Ал құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбауға қатысты заңы Сенат жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, Мәжіліске қайтарды.

Заңның мақсаты - мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру, заң мен тәртіп қағидасын ілгерлету, ішкі істер органдарының қызметіндегі артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік, азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілерді, тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғаудың тетігін жетілдіру үшін қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар жасау.