Кеңейтілген отырыста ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрлан Нысанбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.
«2016 жылғы жер комиссиясы жұмысының қорытындысы бойынша дайындалған. Заң жобасы келесі сұрақтарды қамтиды: ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру; ауыл шаруашылығы жерлерінің жалға берілетін шекті мөлшерін белгілеу; шекара аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану талаптарын күшейту; тұрғындардың жайылым алқаптарына деген қажеттілігін қамтамасыз ету», - деді Ерлан Нысанбаев.
Осыдан кейін комитет мүшелері заң жобасын талқыламастан бірден Сенаттың жалпы отырысына шығаруға келісті. Яғни, алдағы аптада өтетін жалпы отырыста бұл заң жобасы уақыттың тығыздығына байланысты бірден екі оқылымда қаралатын болады.
Отырыстан кейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі заң жобасының Сенат жалпы отырысында бірден 2 оқылымда қаралатындығын түсіндірді.
«Бұл заңды халық күтіп отыр. Неге? Тіршілік бір орнында тұрмайды. Халыққа тіршілік жасау үшін күнделікті жер керек. Сол себептен біз бұл заңды тезірек шығарып, жаңа талаптарға сәйкес көктемнен бастап жерді бере бастауымыз керек», - деді ол.