Сенат жер қойнауын пайдалану мәселелеріне арналған заң жобасын Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда талқыланды.

Сенаторлар құжатқа бірқатар өзгерістер енгізгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Атап өтерлігі, құжатты қабылдау мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауының ашықтығын қамтамасыз етуге, бизнеске құқыққа сыйымсыз араласушылық мүмкіндігін болдырмауға, жер қойнауы саласында барлық деңгейдегі әкімшілік кедергілерді алып тастауға ықпал ететін болады. Енгізілетін өзгерістер тікелей шетелдік инвестициялардың келуіне және геологиялық-барлау саласында кәсіпкерлікті дамытуға әрі жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Талқылау барысында Сенат Мәжіліс мақұлдаған құжатқа бірқатар түзету жасады. Атап айтқанда, әкімшілік айыппұл туралы ұғымға өзгерістер енгізуге байланысты заң жобасына қосымша тармақ енгізілді. Екіншіден, жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізуге негіз болатын сараптамалардың түрлерін анықтау туралы түзету жасалып отыр. Бұдан бөлек, осы саладағы орталық мемлекеттік органның функциясы нақтыланады.

Тұтастай алғанда, заң жобасы Жер және Экологиялық кодекстеріне, Салық кодексіне, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы», «Магистральды құбыр туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді