Сенат: Жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару мәселелеріне арналған заң қабылданды
16:17, 15 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заңда жергілікті өзін-өзі басқарудың қазақстандық үлгісінің базалық өлшемдері енгізіліп, бұның өзі мемлекеттік жергілікті басқару мен өзін-өзі басқару жүйесін жақындастыра түсетін болады. Осылайша, жергілікті өзін-өзі басқару институтының енгізілуіне байланысты қолданыстағы заңнамалардағы қайшылықтарды жоюға бағытталған өзгерістер қарастырылып отыр.
Заң жобасында жергілікті өзін-өзі басқару органдары болып өкілді органдар ? мәслихаттар және атқарушы органдар - әкімдер болатыны қарастырылған. Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқарудың негізі жергілікті міндеттерді шешуге жергілікті халық сайлаған өкілді орган ретінде мәслихаттар болады. Оған қоса әкімдер жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне кірігіп, мемлекеттік басқару міндеттерімен қатар жергілікті өзін-өзі басқару міндеттерін де жүзеге асырады. Заң жобасы әкімге сенімсіздік білдіру және оны лауазымынан босату туралы ел Президентіне немесе жоғары әкімге мәселе қою туралы мәслихат өкілеттігін бекітеді.
Аудандық мәслихаттар құзіреті аясына қалалардың, кенттер мен ауылдар құрылысының бас жоспарын бекіту, ауылдық аумақтағы қаланың, ауылдық округ әкімінің жұмысы туралы есепті қарау, аудан әкіміне тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі әкімді тәртіптік жауапкершілікке ұсыну берілетін болады.
Сондай-ақ заң жобасында мәслихаттардың, мәслихаттардың тексеру комиссияларының рөлін күшейту туралы ережелер қарастырылған. Жалпы алғанда қабылданған заң еліміздегі конституциялық ережелерді жүзеге асыруға, жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру мен қызметін заңнамалық тұрғыда қалыптастыруға, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде халықтың рөлін арттыруға мүмкіндік береді.