Заң жобасы мемлекеттік органдардың, сондай-ақ жұмылдыру тапсырыстары бар ұйымдардың жұмылдыру дайындығы жүйесін жетілдіруге бағытталады. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының қолданыстағы әскери доктринасында жұмылдыру дайындығының бірқатар негізгі міндеттері айқындалған. Сонымен қатар, құжатта мемлекеттің жұмылдыру әзірлігін арттыру шаралары көзделеді.
«Жұмылдыру дайындығының негізгі міндеттерінің бірі жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру болып табылады. Бұдан бөлек, мемлекеттің жұмылдыру әзірлігін арттыру қарастырылады. Жұмылдыру дайындығының негізгі міндеттерін іске асыру жұмылдыру, соғыс жағдайы мен соғыс уақыты кезеңінде мемлекетті тұрақты басқаруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте заң жобасында «мемлекеттік органдардың жұмылдыру жоспары», «әкімшілік аумақтағы жұмылдыру жоспары» деген ұғымдар бекіту бөлігіне өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ұйымдардың жұмылдыру, соғыс жағдайы мен соғыс уақытында мемлекеттік қорғаныс мүддесіне мемлекеттік тапсырыстар мен тапсырмаларды орындаудан бас тартуға құқығы болмайды. Осыған байланысты құжатта «тауарлар өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсетудің тиісті кезеңге арналған жоспары» деген ұғымдар бөлігіне өзгерістер енгізіліп отыр», - деді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Үкімет жұмылдыру дайындығының әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқу жаттығуының іс-шараларын және Қарулы күштердің, басқа да әскери құрылымдардың, арнаулы мемлекеттік органдардың жұмылдыру шараларын ұйымдастырады.
Айта кетерлігі, заң жобасын қарау барысында сенаторлар құжатты жаңа тармақпен толықтырды. Онда негізінен мемлекеттік резервтің дебиторлық берешегін есептен шығару қағидаларын нақтылау қарастырылады. Осыған орай, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.