17:54, 23 Сәуір 2009
Сенат зияткерлік меншік мәселелері жөніндегі жобаны бірінші оқылымда мақұлдады
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасының негізгі мақсаты қолданыстағы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңын Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясының ережелеріне сәйкестендіру болып табылады. Еліміздің қолданыстағы осы Заңына Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Авторлық құқық жөніндегі шартына, сондай-ақ Орындаулар мен фонограммалар жөніндегі келісіміне сәйкес келтіру көзделеді. Тоқтала кететін жайт, Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына 2004 жылы қосылған болатын. «Заң жобасы қазіргі заманғы техниканың, технологиялардың дамуына байланысты туындаған құжат болып отыр. Алдағы уақытта Қазақстан БСҰ-ға мүшелікке өтпекші. Ал бұл ұйымның негізгі талаптарының бірі зияткерлік меншік нысандарын жоғары деңгейде қорғау болып табылады. Бүгінгі күні дамыған мемлекеттер өздерінің зияткерлік меншіктерін жоғары бағалап, қызғыштай қорғап отыр. Бұл да кездейсоқтықтан туған талап емес. Себебі, бүкіл әлем ХХІ ғасырды ? зияткерлік меншік ғасыры деп есептейді», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Әділет министрінің орынбасары Дулат Құсдәулетов. Оның айтуынша, жобада зияткерлік меншікке құқықтарды қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында тараптардың қызметтік құқықтары мен міндеттері, олардың жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітіледі. Заң жобасы мемлекеттік органдардың, қоғамдық және өзге де ұйымдардың ұсыныстары негізінде зияткерлік меншікті қорғаудың әлемдік жүйесін дамыту үрдісі ескеріліп әзірленген.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін бас комитетке тапсырылды.