«2014 жылдың 1 қазан күні өткен сайлауда аймақ халқының атынан өкілдік ететін мәслихат депутаттары 16 адамға сенімдерін білдіріп, бүгін олар Сенат депутаттары ретінде ресми тіркеуден өтті. Парламент депутаты болу - үлкен абырой. Бұл әрбір депутаттың алдына үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі Конституция бойынша халықтың және мемлекеттің атынан билік ету құқығы Елбасы Президентке және конституциялық өкілеттігі шегінде тек қана Парламентке берілген. Сондықтан бұл жауапкершілікті мен терең сезінемін әрі түсінемін», - деді ресми шара аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген сенатор Сәрсенбай Еңсегенов.
Оның атап өтуінше, Сенат депутаттары алдындағы ең басты міндет - бұл қазақ елінің егемендігін сақтау, мемлекетіміздің тұтастығын қамтамасыз ету, Қазақстанның әрбір азаматының әлеуметтік жағдайын жақсарту.
«Бұл бағытта Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген бағыттарын іске асыруға тиісті сапалы заңдарды қабылдау маңызды міндеттердің бірі деп есептеймін», - деді ол.