Сенатор Ә.Ахметов халықаралық форумда мәдениеттердің жақындасуы және ұлттық ерекшелікті сақтаудың өзекті мәселелері жайында өз ойларын ортаға салды

АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын хабарланғандай, БҰҰ Бас Ассамблеясында 2013-2022 жылдарда мәдениеттерді жақындастыру туралы Қазақстанның бастамасымен жарияланған халықаралық онжылдықтың ашылуына байланысты Астанадағы Тәуелсіздік сарайында халықаралық форум ашылды. Бұл алқалы жиын ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізіліп отыр.

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Форум аясында мәдениетаралық үнқатысу мен халықаралық, аймақтық және ұлттық деңгейдегі үнқатысуға қолдау білдіру мен оны нығайту, қазіргі замандағы мультикультурализм мәселелері және жаһанданудың негізгі сын-қатерлері, мәдениеттер мен халықтарды жақындастыру үдерістеріндегі конфессияаралық келісімнің рөлі тақырыптары бойынша интерактивтік пікірсайыстар болды. Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының мұсылмандарға қатысты кемсітушілікпен күрес жөніндегі Жеке өкілі Әділ Ахметов қатысып, сөз сөйледі.

Сенатор Ә.Ахметов мәдениеттердің жақындасуы және ұлттық ерекшелікті сақтаудың өзекті мәселелері, жаһандану кезеңіндегі мәдениетаралық үнқатысу мен адамзатқа төнген қауіп-қатерлер жайында өз ойларын ортаға салды. Сенатор бұл тұрғыда халықаралық, аймақтық және ұлттық деңгейдегі келісім мен өзара түсіністікті қамтамасыз етудегі халықаралық ұйымдардың әлеуетін жоғары бағалады.