Сенатор Ә. Ахметов Копенгагенде ЕҚЫҰ ПА отырысына қатысты
Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.
Бюро отырысының мақсаты биыл 29 маусым мен 3 шілде аралығында Ыстамбұлда болатын Ассамблеяның алдағы жыл сайынғы сессиясына әзірлік жұмыстарының барысын талқылау болып табылады. Бұдан бөлек, Бюро мүшелері алдында ЕҚЫҰ Рәсімдер ережесі жөніндегі кіші комитеттің және ұйымның Транспаренттілігі мен оны реформалау жөніндегі арнаулы комитеттің төрағалары өз жұмыстары жайында есеп берді.
ЕҚЫҰ ПА Төрағасы Риккардо Милиоридің шешіміне сәйкес, 2012 жылғы желтоқсанда Транспаренттілігі және есептілік жөніндегі арнаулы комитеттің негізінде ЕҚЫҰ-ның Транспаренттілігі және оны реформалау жөніндегі арнаулы комитет құрылған болатын. Аталған комитеттің құрамына Сенат депутаты, Қазақстан Республикасы Парламентінің ЕҚЫҰ ПА-дағы делегациясының мүшесі Әділ Ахметов енгенін естеріңізге сала кетейік.