Сенатор Ә. Ахметов Үкімет басшысынан «Ғажайыпстанға саяхат» жобасын өз қамқорлығына алуын сұрайды

ТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Әділ Ахметов ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдады.

Онда депутат «Балапан» арнасынан шығып тұрған «Ғажайыпстанға саяхат» жобасына қолдау білдіруді сұрады.

«Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы ақпан айында республикадағы жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген сұхбатында мемлекеттік тілде хабар тарататын үш телеарна ұйымдастыру туралы тапсырма бергені мәлім. Соның бірі «Қазақстан» РТРК базасындағы «Балапан» бағдарламасы болатын. «Балапан» - қазақ телевизиясының тарихындағы балаларға арналған тұңғыш жеке телеарна. Президенттің бұл бастамасына «Медиасистема» Өндірістік телевизиялық компаниясы да атсалысты. Осы ұжымның жедел қолға алуымен республикада алғаш рет 200 сериядан тұратын балаларға арналған «Ғажайыпстанға саяхат» атты оқу-танымдық анимациялық сериал дайындалды. Бұны ел Тәуелсізідігінің 20 жылдығына жасалған тарту деп білеміз», - дейді сенатор.

Оның пікірінше, аталмыш сериал бүлдіршіндерді ана тілін үйренуге, қоршаған ортаны тануға, табиғаттың түрлі құбылыстарын жете түсінуге тәрбиелейді. Қызықты да шытырманға толы хикаялар жасөспірімдердің дүниетанымын кеңейтіп, олардың санасы мен өмір жайлы түсінігін ширатуға бағытталған, тілі жеңіл, бала ұғымына сай. Сонымен қатар, бұл сериалдар басқа этнос балаларына қазақ тілін үйретуде де үлкен рөл атқарады әрі балалардың бойына адами құндылықтарды сіңіруде танымдық және тәрбиелік мәні зор.

«Бүгінгі таңда «Ғажайыпстанға саяхат» - «Балапан» және «Қазақстан» телеарналарының бетке ұстар сериалдарының бірі және балалар киносы мен анимациялық фильмдердің отандық қорынан да өзіндік орнын алғаны рас. Айта кету керек, «Ғажайыпстанға саяхат» сериалдары ҚР Әділет министрлігі Сот сараптама орталығының сүзгісінен өтіп, басқа анимациалық фильмдермен салыстырғанда олардың бағасының 16 -23 есе төмен екендігі анықталды. Тәрбие көзі бала кезден басталады. Балаларды қазақ тіліне үйретсе, олар таза қазақша сөйлеп тұрса, бұл тіліміздің болашағына жол ашатыны сөзсіз. Ең бастысы, күткен телеарна ашылды. Енді соның сәтті жұмыс істеуіне үлкен қамқорлық қажет. Осыны ескере отырып, аталмыш жобаның қаржы тапшылығына орай жабылып қалмауына, одан әрі дамуына Үкімет басшысы ретінде зор қолдау жасайды деген сеніміміз мол. Балалар сүйіп көретін «Ғажайыпстанға саяхат» атты жобаны өз қамқорлығыңызға алып, ана тіліміздің көркеюіне, болашақ отансүйгіш қазақстандықтарды тәрбиелеуге өз үлесіңізді қосатыныңызға сенеміз», - деді сенатор.