«Статистика деректеріне сәйкес, Абай облысы бойынша жылу беру желілерінің жалпы тозуы – 65 пайыз. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіш. Осы жағдай жылу беру кезеңінде жылу қуатының тапшылығы мен авариялық жағдайларға себеп болады және жұмыста технологиялық үзілістерге әкеліп соғады», - деді Б. Байахметов.
Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысына жұмыс сапары барысында инфрақұрылым мәселелеріне, оның ішінде заманауи жылу электр орталығын салуға ерекше назар аударғанын еске салды.
Сенатор Үкіметке Семей қаласындағы ЖЭО-3 құрылысы бойынша жұмыс тобының құрамын нақтылауды, сондай-ақ жылумен қамту нысандарын қаржыландыру мәселелерін пысықтауды ұсынды.
«Бюджет қаражатын пайдалануды оңтайландыру мақсатында жылу энергетика жүйесін реттеу саласындағы функцияларды бір мемлекеттік органға орталықтандыру мүмкіндігін қарастыруды және ЖЭО-3 құрылысы бойынша жұмыс тобының құрамын жаңартып, оның құрамына Парламент депутаттарын қосуды ұсынамыз», - деді Б. Байахметов.