Сенатор Әли Бектаев ОҚО-дағы бірқатар қала-аудан тұрғындарымен кездесті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Сенатының депутаты Түркістан қаласы мен Отырар ауданында арнайы іссапармен болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жұртшылыққа түсіндіріп, құжаттың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерімен әңгімелесіп, «Тұрғын үй» бағдарламасын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

«Ауылдан жұмыс іздеп, отбасымен қалаға сабылған жастардың қарасы қалың. Пәтер жалдап, жалақысына жан баға алмай жүрген жігіттер үшін 7-20-25 бағдарламасы тиімді тәсіл. Себебі, қазір елімізде арзандатылған ипотекалық несие арқылы берілетін үйлердің құрылысы да қарқын алған. Әлеуметтік бастамалар ауылдың тұрғындарына оң әсер ететін, тікелей тұрмыс-тіршілігін оңалтуға бағытталған. Соның ішінде қалада оқып, жұмыс істеп жатқан ауыл жастарына көрсетіліп жатқан үлкен қамқорлық деп айтар едім. Тұрғындар да, жастар да Елбасының әлеуметтік бастамаларын қолдап жатыр»,- дейді сенатор Әли Әбдікерімұлы.

Дәл осындай кездесу Отырар ауданында да өтті. Сенатор ондағы азаматтардың баспана алуға деген мүмкіндігін молайтып, жастардың жоғары білім алуына жол ашқан бес бастаманың тиімді тетіктерін түсіндірді. Басқосуда жергілікті халықты мазалаған мәселелер де назардан тыс қалмады. Жиын барысында аудан ақсақалдары көкейкесті сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.