Сенатор «Астана.KZ» құрама командасына қаржы бөлуді сұрап отыр
Онда депутат Премьерден «Астана.KZ» Ұлттық КВН құрама командасына» қаржылай қолдау көрсетуді сұрады.
«Бұл депутаттық сауалды жолдауыма «Астана.KZ» Ұлттық КВН құрама командасы» Қоғамдық бірлестігі ұжымының өтініші себеп болып отыр. КВН-нің әлемнің отыздан астам мемлекеттерінде танымал қоғамдық-мәдени қозғалысқа айналғандығы мәлім. Қазақстан Республикасы КВН командасының Халықаралық КВН одағында алатын орны бөлек», - дейді сенатор.
Оның айтуынша, құрама команда Бірінші арнада көрсетілетін Халықаралық КВН одағы чемпионатына осымен он екінші рет қатысып отыр. Осы арқылы қазақстандық жас буын әлемдік деңгейдегі Қазақстан Республикасының беделінің артуына, әрі елордамыз Астананы дәріптеуге оң ықпалын тигізеді.
«2012 жылы Халықаралық КВН одағының жоғары лига чемпионатында еліміздің намысын Қазақстан Республикасы КВН құрама командасы қорғайтын болады. Чемпионаттың 1/8 финалында жеңген команда 2012 жылы 24 сәуір күні Мәскеу қаласында өтетін сайыстың келесі айналымына жолдама алды. Сондықтан Қазақстан Республикасы КВН құрама командасына қолдау көрсетуіңізді және оның Халықаралық КВН одағы жоғарғы лига чемпионатының 1/4 финалына қатысуын қаржыландыру мәселесін қарастыруыңызды сұраймын», - дейді депутат.