Сенатор ауылдағы мал дәрігерлерінің проблемасын көтерді
АСТАНА. KAZINFORM – Сенат депутаты Ольга Булавкина ауылдағы жас ветеринарларға қолдау көрсетуді ұсынып, депутаттық сауал жолдады.
Сенатордың мәлімдеуінше, адам мен жануарлар әлеміне, бүкіл экожүйенің әл-ауқатына ветеринария саласы тікелей байланысты, алайда, саланы дамытуға қаржы аз бөлінеді. Ауылдағы мал дәрігерлерінің жалақысы төмен, еңбек жағдайы ауыр, инфрақұрылымы әлсіз, яғни жағдай қиын.
— Бюджет қаржысын бөлу деңгейі нашар, ветеринария саласындағы кейбір функцияларды бюджеттің бір деңгейінен екіншісіне бірнеше рет беру салдарынан еліміздегі ветеринария станцияларының 36%-ы және ветеринария пункттерінің 77%-ы ғимаратынан айрылып қалды. Ал 70%-дан астам арнайы техника тозған. Қалаға қарағанда ауылдық жердегі ветеринар мамандардың жалақысы едәуір төмен. Жоғары білімі бар жас мамандар шамамен 190-230 мың теңге алады. Ветеринарлар бұл ретте ондаған елді мекенге қызмет көрсетуге мәжбүр, ал онда инфрақұрылым жоқтың қасы, — дейді Ольга Булавкина Сенатта депутаттық сауал жолдай отырып.
Сонымен қатар халық қалаулысы ауылдағы мал дәрігерлердің орташа жасы зейнетке таяғанын тілге тиек етті.
— Жануарлардан ауру жұқтыру қаупі жоғары, әлеуметтік қолдаудың жоқтығы, ветеринарлық, медициналық және экологиялық қызмет арасындағы үйлестірудің нашарлығы жағдайды ушықтырып барады, — деп толықтырды Ольга Булавкина.
Осы орайда сенатор ветеринар мамандарын даярлау жөніндегі бюджет қаржысының тиімділігіне талдау жүргізуге және оқу бағдарламаларының саланың мұқтажына қаншалықты сәйкес келетінін анықтауды ұсынды. Сондай-ақ заманауи жабдықпен және жаттығу құрылғысымен қамтамасыз ету арқылы колледждерді жаңарту керек.
Оның айтуынша, жағдай жасалса жас мамандар ауылдан шықпай-ақ сапалы білім ала алады.
Ольга Булавкина одан бөлек, мамандарды қайта даярлауға мақсатты грант енгізуді, жылжымалы ветеринария емханасын құруды және ауылда жұмыс істеуді жоспарлап отырған түлектердің стипендиясын арттыруды ұсынды.
Сәуірде Жамбыл облысының ветеринариялық пункт салу тәжірибесі республикаға таралатыны туралы хабарлаған едік.
Айта кетейік, биыл 8 наурыз халықаралық әйелдер мейрамында 20 жылға жуық еңбек өтілі бар мал дәрігері Президент қолынан «Шапағат» медалімен марапатталды.