Сенатор Б. Әйтімова БҰҰ құрылымдарының бірқатар жоғары лауазымды өкілдермен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Бірғаным Әйтімова БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші сессиясының ашылуы аясындағы Нью-Йорктегі шараларға қатысты. Сенатор Гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша жаһандық лидерлердің басқосуында болды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуға Қазақстан Республикасының кандидатурасын ілгерілету жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Арнаулы Уәкілі Бірғаным Әйтімова Суринам, Танзания, Сент-Люсия және Ямайканың елшілерімен, сондай-ақ шетел мемлекеттерінің және БҰҰ құрылымдарының жоғары лауазымдағы өкілдерімен кездесті.

Сенатор сондай-ақ, БҰҰ Саммиті аясындағы 2015 жылдан кейінгі кезеңде даму саласындағы күн тәртібіне Ғаламшарды қорғау және климаттың өзгеруімен күрес атты интерактивтік үнқатысуға, «Баршаға арналған әділетті болашақ» министрлік таңғы асына, «Әйелдер және қылмыстық сот төрелігі» түскі асына, сондай-ақ «2015 жылдан кейінгі дамудың күн тәртібіндегі әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» шарасына қатысты.