Сенатор Б. Бекназаров мас күйінде көлік жүргізгендерді халық алдында дүре соғып, жазалауды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жүргізуші құқығынан айырылған, соған қарамастан мас күйінде қайтадан көлік басқарған азаматқа қатысты қылмыстық жауапкершілікті мейлінше қатайту керек. Мұндай тұлғаларға қатысты негізгі жазалармен қатар, қосымша жазалар қабылдау қажет, мәселен, оларды халықтың алдына шығарып дүре соғу арқылы жазалау керек. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Бектас Бекназаров жолдағы апаттылық мәселесіне алаңдаушылық білдіре отырып, осылай мәлім етті.

«Ішімдік ішіп, есірткіге еліккен күйде көлік басқарған жүргізушілер жауапкершілігін арттыру бағытында ең бірінші кезекте заңнамалық өзгерістер, яғни Қылмыстық кодекстің жекелеген нормаларын қатайту керек. Біздің елімізде кінәсінің айтарлықтай ерекшеліктеріне қарамастан барлық жүргізушілер, яғни, ішімдік ішіп көлік басқарғандар да, сау жүргізушілер де адам денсаулығына залал келтіретін жол апатын тудырған болса, бір норма бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл ретте мас жүргізуші де, сау жүргізуші де абайсызда қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлға ретінде қарастырылады. Дәл осындай көзқарастан қолданыстағы норманың олқылығы көрініп отыр. Әйтпесе, ішімдікке мас болып, есірткіге елігіп алып көлік жүргізген, соның салдарынан көшеде кетіп бара жатқан адамды басып өлтірген тұлғаның әрекетін «абайсызда» деп бағалауға бола ма? «Мас жүргізуші - қылмыскер» дейді халық. Ендеше біздің кодекске қарағанда халықтың айтып отырғаны даналық», - деді сенатор.

Бұл ретте депутат тікелей кінәсінен кісі өлімі орын алатын жүргізушілердің әрекетін қатаң жазалау керектігін де алға тартып, бірқатар елдердің тәжірибесіне тоқталды. Оның айтуынша, Оңтүстік Азияның Сингапур, Қытай, Жапония секілді бірқатар елдерінде жол апаты былай тұрсын, мас күйінде көлік басқарған фактінің өзі жүргізушінің қылмыстық жауапкершілігін қарастырады. Ал Сингапурда мас күйінде көліктің руліне отырған адам жүргізуші құқығынан айырылып қана қоймай, оған үлкен көлемдегі айыппыұл салынудан бөлек, шыбықпен сабайды. Қытай мен Тайландта кісі өліміне соқтырған жол-көлік апаты үшін өлім жазасына кесілуі мүмкін. Жапонияда жүргізушілерге ішімдік ішу мүлдем тыйым салынған. Ол елде мұндай әрекеті үшін жүргізушіні ғана емес, сол автокөлікке отырған жолаушыны да жазалайды. Еуропа елдерінде де мас жүргізушілерге қатал жауапкершіліктер қарастырылған.

«Осы елдердің бәрі мас күйінде көлік жүргізген адамдарға қатысты қатаң жауапкершілік белгілей отырып, өз азаматтары үшін жол-көлік апатының ауыр салдарын азайта алды. Ендеше, Қазақстандағы өсіп отырған қауіпті жағдайды мас жүргізушілерге қатысты қатаң жазалау шараларын енгізу арқылы ғана түзеуге болады деп санаймын. Қоғамның бұған төзімсіздігін де қалыптастыру керек. Осыған байланысты, заңнамада ішімдік ішіп, есірткі қабылдаған күйі көлікті басқарған жүргізушіге қатысты жауапкершілікке тарту практикасын түбірінен өзгерту керек. Қандай да бір жол-көлік апатының орын алуына себеп болған мас жүргізушілер әрекетін жеке баппен қарастыру керек, оларға, әсіресе кісі өліміне соқтыратын оқиғаларға қатысты аса қатаң шаралар қабылдау керек. Жүргізуші құқығынан айырылған, соған қарамастан мас күйінде қайтадан көлік басқарған азаматқа қатысты қылмыстық жауапкершілікті мейлінше қатайту керек. Мұндай тұлғаларға қатысты негізгі жазалармен қатар, қосымша жазалар тағайындалуы керек. Мәселен, оларды халықтың алдында шығарып дүре соғып жазалау керек», - дейді Б. Бекназаров.

Оның айтуынша, дәл осындай жаза қолданылатын елдерде ондай дүрелеудің нәтижелі болатынын анық көрсеткен. «Мен ол сұрақты арнайы зерттегенмін», - деді сенатор.

Бұдан бөлек, депутат қоғам өкілдерін полиция қызметкерлерімен бірге мас жүргізушілерді анықтауға бағытталған арнайы рейдтерге шығару қажеттігін де баса айтты. Ондай шаралардың барлығы халыққа кеңінен жеткізіліп тұруы керек.