Сенатор бес әлеуметтік бастаманың тиімді тұстарын түсіндірді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы іс-сапармен жүрген ҚР Парламент Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев Қазығұрт ауданында болып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуде баспана алу мәселесі мен жас мамандардың көтерме жәрдемақыларын өсіру, жатақханалармен қамту жайы сөз болды. Бұл ретте,  Әлімжан Құртаев  осы жобаны жүзеге асыру үшін Парламентте 8 заңның қаралып жатқанын жеткізді. Ағымдағы жылдың мамыр айында 15 заңға өзгертулермен толықтырулар енгізілу қарастырылып отырғандығын айтты.

«Егер осы жұмыстар аяқталып, бес әлеуметтік бастама сәтті жүзеге асатын болса, елдегі әлеуметтің әлеуеті артады. Себебі, Президент ұсынған «бес бастама» мемлекеттің әлеуметтік әлеуетін нығайтады», - деді депутат.

Сондай-ақ, басқосуда ауыл тұрғындары да шешімін таппай отырған мәселелерін айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.