Сенатор БҚО судьяларымен кездесті
Сенатор тәуелсіздігіне ширек ғасыр толған еліміз халықаралық қауымдастықтан өзінің лайықты орынын алғанын атап көрсетіп, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің өсе түскендігі Президент саясатының дұрыстығына көз жеткізетіндігіне тоқтала келіп, жаңа жыл Елбасының қауырт саяси бастамаларымен басталғандығына назар аударды. Әуелі Қазақстандағы билік тармақтарының өкілеттіліктерін қайта бөлу жөніндегі арнайы Үндеуі, артынша Жолдауы жарияланды. «Бұл қоғамды демократиялық жаңғыртудың жаңа кезеңінің басталғандығының көрінісі», - деді Бірғаным Сарықызы.
Билік тармақтарының өкілеттіліктерін қайта бөлу барысында Ата Заңымызға және қырықтан астам заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіндігін атап көрсетті. Билік арасалмағының қайта бөлінісі мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, мемлекеттік басқару ісіне қоғамның белсенді өкілдерінің кеңінен тартылуына бағытталып отыр. Мемлекет бизнесті қолдауға бағыт ұсталып, күшті ортаңғы тапты қалыптастыруға жол ашылмақ.
Президенттің кейбір өкілеттіліктерінің атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарына ойысуына байланысты оның заң күші бар жарлықтарды қабылдау мүмкіндігіне қатысты норма көкейтестілігін жойып отыр. Енді қабылданған заңдарға Парламенттің жауапкершілігі, ал Үкіметтің заң шығарушы орган алдындағы есептілігі күшейтілді.
-Заң өзгерістерінен кейін Парламетте шұғыл заңдарды қабылдау жөніндегі қарбаластықтар болмайды, деді сенатор - Президент Парламенттің ағымдағы сессиясының ішінде бірінші кезекте қабылдануға тиіс заңдардың жобаларын қараудың басымдылығын айқындап береді.
Бұдан кейін сенатор сот жүйесіне қатысты «Жоғарғы сот кеңесі туралы» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» заңдарға енгізіліп жатқан өзгерістерге тоқталды. Соның ішінде судьялар қауымдастығы күтіп жүрген ең өзекті мәселелерге назар аударды. Айта кетейік, бұған дейінгі қолданыстағы заңға сәйкесті судьялардың кәсіби қызметіне бағалау жүргізу барысында аттестациядан өтпеген жағдайда судья қызметін келесі сынаққа дейін бір жыл жалғастыруына мүмкіндігі болатын. Жаңа заң жобасында бұл норма алынып тасталынған. Ендігі жерде аттастациялан өтпегендер судьялық қызметін жалғастыра алмайды.
Б.Әйтімова Президент Жолдауының негізгі басымдылықтары жөнінде егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
Кездесу соңында Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытбек Бегалиев салиқалы әңгімесі үшін мәртебелі мейманға судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлері атынан ризашылығын білдіріп, заң шығарушылық қызметіне табыс тіледі. Өз кезегінде сенатор да құнды ұсыныс-пікірлер білдіріп, кездесудің мағыналы да мазмұнды өтуіне белсенді атсалысқандары және зейін қойып тыңдағандары үшін жиналғандарға алғысын айтты.