«Қазақстан экономикасының энергетикалық орталығы, яғни электр қуатының жартысына жуығын, көмірінің жартысынан астамын беріп отырған Павлодар облысы, Шерхан Мұртаза ағамыз айтпақшы, «алтын сандық үстінде жалаңбұт отырған» екібастұздықтардың ахуалы бәрімізге сын болып отыр», - деген сенатор аталмыш қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткеніне алаңдаушылық білдірді.
«Жылумен жабдықтау жүйелеріне жүргізілген техникалық аудиттің қорытындысын неліктен созып отырмыз? Қалада жылыту маусымы аяқталғаннан кейін басталатын кең ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін шамамен қанша миллиард қаржы қажет? Оған қажетті қаражаттың қанша пайызын құрылтайшысы Александр Клебанов болатын компания мойнына алмақшы? Келесі қысты екібастұздықтар көңілдері алаңдамай қарсы алатындай жағдай жасалады деп айта аласыз ба?», - деп сұрады Алтынбек Нұхұлы.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың сөзіне қарағанда аталмыш аудиттің қорытындысы наурыз айында шығуы керек.
«Алдын ала айтайын, Мемлекет басшысы берген тапсырмаға байланысты бүкіл жылу-электр орталықтарын тексеру жұмыстарын бірінші тоқсанның аяғына дейін аяқтауымыз керек. Яғни, наурыз айының аяғына дейін осы іс жүргізіліп жатыр. Қасымда Дүниежүзілік банктің өкілі отыр. Соның көмегімен қаражат та бөлінді. Қазіргі таңда біріккен топ бүкіл 37 жылу-электр орталығының жұмысын тексеріп жүр. Оның қорытындысын бірінші тоқсанның аяғында күтеміз», - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол Екібастұздың жылу мәселесін шешуге қанша қаражат қажеттігі әзірге белгісіз екенін айтты.
«Жөндеу жұмыстарына қанша қаражат шығатыны да әзірге белгісіз. Бұл да осы аудиттің бір бөлшегі. Жалпы сомасын айтуға да болады. Бірақ ол нақты сома емес. Зерттеу жұмыстары аяқталған соң белгілі болады.
Ал Екібастұз стансасының иесі қаражат бөле ме, жоқ па деген мәселе де қазір қарастырылып жатыр. Әрине, бұл стансаларды жөндеуге және жұмыс істеуіне қаражат бөлу олардың міндеті. Қазір қай жолмен жасалатыны, бірлесіп жасаймыз ба, я болмаса, өз қаражатын бөле ме, ол әлі анық емес. Келіссөз жүргізіледі», - деді министр.
Фото: primeminister.kz