Сенатор есірткілік заттар бойынша медициналық куәландыру жүйесін жетілдіруді ұсынды

Фото: Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Есірткілік және уытқұмарлық масаюды медициналық куәландыру жүйесіндегі жүйелі олқылықтар қоғам қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Жыл сайын айқын мас күйіндегі адамдардың «мас емес» деп танылу жағдайлары артып келеді. Бұл мәселені сенатор Жанна Асанова көтерді.

«Мас болғаны анық белгілі адамдардың медициналық куәландыру қорытындысы бойынша «мас емес» деп танылу жағдайы жиілеп кетті. Бұл қолданыстағы куәландыру әдістерінің жүйелік мәселелерін байқатып отыр, әсіресе, жаңа психоактивті заттар мен ингалянттардың уытты әсерін анықтау бөлігінде жүйелі олқылықтар бары анықталды», – деді Ж. Асанова Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Сенатордың айтуынша, қазіргі қолданылып жүрген зертханалық әдістер синтетикалық каннабиноидтар және жасөспірімдер жиі қолданатын ингалянттарды анықтауға қауқарсыз.

Аталған заттардың әсері тез өтетіндіктен әрі олардың саудасы шектеусіз болғандықтан, полиция мен медицина қызметкерлері мұндай жағдайларға тиімді әрекет ете алмай отыр.

«Заттар тізбесін жаңартудың жедел тетігінің болмауы, диагностика әдістемесінің кенже қалуы және зертханалардың техникалық жабдықталуының жеткіліксіздіг қоғамдық қауіпсіздіктің төмендеуіне алып келеді. Халықаралық хаттамалар диагностикаланатын заттар тізбесін жылына кемінде 1 рет өзгертуді, жоғары дәлдіктегі әдістерді қолдана отырып зертхана ауқымын кеңейтуді, сондай-ақ медициналық персоналды психоактивті заттардың жаңа түрлерімен жұмыс істеуге дайындауды көздейді», – деді депутат. 

Осы орайда ол медициналық куәландыру саласындағы нормативтік және техникалық базаны кешенді түрде жаңғыртуды ұсынды.

Айта кетейік, биыл үш айда бүкіл ел бойынша тыйым салынған заттарды сақтауға және таратуға қатысы бар деген күдікпен 23 жасөспірім ұсталды