Сенатор Ғ. Қасымов Азаматтық авиация агенттігін құруды ұсынды
«Соңғы жылдары еліміздің авиация саласында күрделі жағдайлар туындап жатқанын байқап жүрміз. Біз бұл проблемаларды әрбір авиаапаттар төңірегінде қарастырып та жүрміз. Ал жалпы проблеманы жүйелі түрде қарап, бізге не жетіспейтіндігіне, кемшілік қайда екендігіне назар аударған жоқпыз», - дейді сенатор. Оның айтуынша, бұл саладағы мемлекеттік назар аударуды қажет ететін басты мәселе - авиабақылаудың мемлекеттік дербес бақылауы болып отыр. Сенатордың сөзінше, бұндай орган ешқандай да ведомствоға тәуелді болмай, тікелей үкіметке қарасты болуы шарт.
«Елімізде ұшу қауіпсіздігі бойынша инспекция жоқ. Бәлкім, ұшу қауіпсіздігін бақылайтын органы жоқ бірден бір мемлекет біз шығармыз», - дейді Ғани Қасымов.
«Біз авиаапат трагедияларын зерттеуді ғана қарастырмауымыз керек, авиация саласының даму болашағының әлеуетін қамтамасыз етуге тиіспіз. Осыған орай, елімізде азаматтық авиация саласына жаңа бағытты, жаңа мемлекеттік талаптарды айқындайтын тәуелсіз комиссия керек. Мүмкін Қазақстанның азаматтық авиация жөніндегі дербес агенттігін құру керек шығар. Егер ондай агенттік құрылатын болса, оның қарамағына еліміздегі азаматтық авиация академиясын беру қажет. Сол академияда ұлттық кәсіби авиамамандар даярлануы шарт», - деді ол.