Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Ғани Қасымов осылай мәлім етті.
«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұлттық мерекелер, мемлекеттік мерекелер, кәсіби және өзге де мерекелер атап өтіледі. Мереке күндері жұмыс істемейтін күндер болып табылады. Демалыс және мереке күндері сәйкес келген жағдайда мерекеден кейінгі жұмыс күні демалыс күні ретінде белгіленеді. Мереке күндері мен демалыс күндері арасында бір жұмыс күні болған жағдайда жұмыс істемейтін демалыс күндерін жұмыс күніне ауыстыру мәселелері Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысымен реттеледі. Ал ондай Үкіметтің қаулылары тура мереке күнінің алдында ғана шығады да бұқаралық баспасөз құралдарында дәл мереке қарсанында жарияланады. Бұл болса демалыс орнын, отбасымен бірге сапарға шығуды тағы да басқа жағдайларды алдын ала жоспарлауға қолайсыз болып келеді», - дейді сенатор.
Оның айтуынша, ТМД мемлекеттерінің бірқатарында Үкіметтің бір қаулысымен тұтас келесі жылдың мерекелік және демалыс күндерінің кестесін бекіту тәжірибесі орын алған.
«Осыны ескере отырып, Үкіметтің отырыстарының бірінде 2012 жылға арналған мерекелік және демалыс күндерінің нақтыланған кестесін, мемлекеттік мерекелер мен ауыстырылған демалыс күндері құнтталған Үкіметтің бір қаулысымен бекіту мәселесі қарастырылса. Бұл біздің азаматтардың демалуына және жұмыс уақытын тиімді пайдалануына, алдағы мерекелерді орынды жоспарлауына жол ашады. Демалыс күндері мен жұмыс істемейтін күндерді тиімді пайдалану қызметкерлердің қызметтерінің өнімді болуына оң әсерін тигізетінін сеніммен айта ламын», - деді Ғ. Қасымов.