Сенатор Ғарифолла Есім Өнер академиясының студенттерімен кездесті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында философ-ғалым «Ұлттық идея дегеніміз не? Мені осы мәселе ойландырып жүр, егемендігімізді алғаннан бері еліміз жаңа арнаға түсті», деп айта келе, «ертеңгі күнді жасайтын біз, сондықтан, ертең қайда бара жатқанымызды ойлануымыз керек», деген ой тастады. Сондай-ақ Елбасының «Ұлттық идея» жөнінде тікелей эфир кезінде айтқан 4 мәселе; «Ел бірлігі», «Бәсекеге қабілетті экономика», «Жасампаз интеллектуалдық қоғам», «Өркениетті мемлекет» туралы студенттерге өз пікірін айтып, ұлттық идеяның мәні мен маңызын түсіндіріп берді. «Дамыған 50 ел қатарына ену үшін, бәсекеге қабілетті экономика болуы керек, бәсекеге қабілетті өнім өндіруіміз керек», деді ол. Сонымен қатар, сенатор студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Депутаттың айтуынша, кездесудің негізгі мақсаты - ел тәуелсіздігін нығайтудағы ұлттық идеяның мән-маңызы туралы болашақ өнер мамандарымен кеңінен сұхбаттасып, ой бөлісу.
Ғарифолла Есім саясат, мәдениет және әлеуметтік-тұрмыс мәселелеріне арналған 300-ден аса публицистикалық, ғылыми-танымдық еңбектер жазған қарымды қаламгер. Ол - «Таңсұлу», «Күнә», «Көсем-Көкжал», «Бөгде сезім» атты шығармалардың авторы.