***
«Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық кеңес болып өтті. Онда көктемгі дала жұмыстарына әзірлік және ет экспортының әлеуетін дамыту мәселелері қаралды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Көктемгі егіске әзірлік қалай?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков биылғы жылы 21 миллион гектардан астам жерге тұқым себілетінін айтқан. Соның ішінде астық егістігінің көлемі 16,3 миллион гектарды құрайды. Барлық облыстар қажетті тұқыммен толық қамтылған. Олардың 77 пайыздан астамы тиісті тексерістен өткізілген. Көктемгі егіске қатысушыларды арзан жанар-жағармаймен қамту мәселесі де шешімін тапты. Осының есебінде диқандар қауымы жанар-жағармайды рыноктағыдан 12 пайызға төмен бағамен алатын болады. Мұндай жанар-жағармайдың көлемі 360 мың тоннаны құрап отыр.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілік етуімен палатаның кезекті отырысында Мәжіліс мақұлдаған 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қаралды. Бұл жолы да заң жобасын қорғауға Үкімет толық құрамда келіп қатысты. «Республикалық түсімдердің нақтыланған болжамы 5 236,9 миллиард теңге көлемінде, яғни бекітілген бюджетпен салыстырғанда 485,9 миллиардқа арттырылған. Осы орайда үстіміздегі жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін 180 миллиард теңгеге ұлғайту көзделген. Республикалық бюджеттің шығыс бөлігі бекітілгендегімен салыстырғанда 507,2 миллиардқа артып, 6 016,8 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылып отыр», - деп жазады басылым. Мақала «Сенат бюджетті қабылдады» деген тақырыппен берілген.
***
«Қызға қырық үйден тыю» мәселесі отбасылық деңгейден қалып, мемлекеттік мәселеге айналып бара жатқандай. Қазақ қыздарының тағдырына қатысты дүниелердің парламенттік мінберде айтыла бастауы соны аңғартса керек. «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, кешегі Сенат отырысында Үкімет басшысының атына үшбу хат жолдаған депутат Жабал Ерғалиев қазақ қыздарын Қазақстаннан тысқары білім ошақтарында оқытуды шектеу мәселесін көтерді. «Қыздарды шеттегі оқудан шектеу туралы мәселеге бармас бұрын депутат Жабал Ерғалиұлы ақпарат агенттіктеріне сілтеп, соңғы уақытта шет мемлекеттерде білім алып жатқан қазақ қыздарының түрлі себеппен кісі қолынан қаза табуына, абыройсыздыққа ұрынуына алаңдаушылық танытты», - деп жазады басылым. Толығырақ «Сенатор қазақ қыздарын шетелге жібергісі келмейді» деген тақырыптан оқып, біліңіздер.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанның инвестициялық саясатына шолу жасапты. ЭЫДҰ инвестициялық департаменті директоры Стивен Томсеннің айтуынша, Қазақстан соңғы 5 жылда инвестиция тартуда рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, әжептәуір жетістіктерге қол жеткізген. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі санындағы «Инвестициялық саясатымызға шолу жасалды» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы қазақсандық қамту саясатын да сынға алып өтті. олар бұл саясат барлық компаниялар үшін әділетті және икемді болуы керек деп есептейді», - деп жазады басылым.
***
Бұл күндері Көкшетау қаласында 23 жасқа дейінгі зілтеміршілер арасында Қазақстан біріншілгі өтіп жатыр. Оған республикамыздың әр өңірінен жиналған 224 үміткер қатысуда. Олардың араларында түрлі байрақты бәсекелерде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар да бар. Осы байрақты бәсеке арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Көкшетауда күш сынасып жатыр» деген тақырыппен берілген. «Бүгінгі таңда елімізге ең көп медаль сыйлап жүрген спорт түрі - ауыр атлетика екені сөзсіз. Сол себепті ел-жұрттың қызығушылығы да ерекше. Оны біз Көкшетаудағы жарыс барысында да аңғардық», - деп жазады басылым. Толығырақ мағлұмат алғыңыз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.
«Қаржы полициясы ағымдағы жылдың 2 айында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 118 қылмыстық іс қозғады», - деп жазады «Айқын» газеті. Мәселен, ОҚО ІІД-нің әскери-медициналық тексеру комиссиясының төрайымы Б.Сәткенова 17 рет пара алған. Комиссия төрайымынан Алматы облысының Алакөл аудандық ішкі істер бөлімі Жол полициясы бөлімінің бастығы Т.Әбдірахимов та асып түскен. Ол пара алу арқылы 28 жүргізушіге мемлекеттік техникалық байқаудан өткендігі туралы жалған құжат жасап берген. Осы қылмысы үшін бөлім бастығы 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті Жол полициясы бөлімшесінің бастығы Т.Канапин де жоғарыдағы әріптесінің әрекетін қайталағаны үшін 7 жылға сотталған. Сонымен бұдан да бөлек парақорлар жайында білгіңіз келсе, басылымның жұма күнгі нөміріндегі «Осы жұрт пара алуға құмар» деген тақырыптағы мақалаға көз жүгіртіңіз.
***
«ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов орталық атқарушы орган басшыларының қатысуымен кеңес өткізіп, онда Жаңаөзен қаласының мәселелері қаралды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы шамамен 2 мың адамды жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу үшін 2 жаңа сервистік кәсіпорын құрды. Сондай-ақ жұмыстан шығарылғандардың және олардың отбасы мүшелерінің екінші деңгейлі банктерден алған несиелерін қайта құрылымдау мәселелері де шешілуде. С.Ахметов сонымен қатар «2012-2020 жылдарға арналған Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында бекітілген барлық іс-шаралар мезгілінде жүзеге асырылатындығын баса айтты.