Сенатор Қуаныш Айтаханов Үкімет басшысынан Отырар кітапханасын іздестіру үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлуді сұрады

None
АСТАНА. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов Үкімет басшысынан Отырар кітапханасын іздестіру үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлу мәселесін қарастыруды сұрады. Бұл туралы ол бүгін Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке жолдаған сауалында мәлім етті.

Депутаттың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қабылданған Үкіметтің 2004 жылғы 30-шы қыркүйектегі көне Отырарды қайта зерттеу туралы қаулысы негізінде Отырар өркениеті терең зерттеліп, ел тарихының бірінші ғасырынан бергі өмірінен сыр шертетін 20 мыңнан астам баға жетпес тарихи жәдігерлер табылып, мәдени-археологиялық ескерткіштер қалпына келтіріліп, келешек ұрпақтың рухани иглігіне айналуда. «Алайда ежелгі Отырар өңірінің көне тарихы, ашылмаған сырларыәлі де аз емес. Солардың бірі адамзат тарихындағы ең ірі кітапханалардың қатарында саналатын Отырар кітапханасы іздестіру болып табылады. Отырар кітапханасы әлемдік өркениеттің дамуына теңдессіз үлес қосқан кешенді білім ордасы болғаны белгілі. Бұрын Фараб аталған бұл қалада тек Ислам әлеміне ғана емес, күллі дүниежүзіне мәшһүр, әлемдік ғылымға сүбелі үлес қосқан оқымыстылар шыққан. Отырар 22 Әл-Фарабидің отаны. Олардың ішіндегі ең атақтысы Түркі әлемінің даңқын әлемге паш еткен әлемнің екінші ұстазы атанған біздің ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл-Фараби Отырар кітапханасында білім нәрінен сусындап өсті. Бұл кітапханада ежелгі сына жазумен жазылған туындылар мен папирус орама қағаздарынан бастап, ортағасырлық Еуропа, Араб және Қытай ғылымы оқымыстыларының шығармаларына дейін жинақталған»,-деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, көптеген мұсылман ғұламалардың еңбектері арқылы Отырар кітапханасы біздің даламызға Ислам дінінің таралуына да өз үлесін қосты. Міне, осындай кітап қоры бай кітапхана Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде жоғалып кетті. Отырар кітапханасы моңғол әскерінің Отырарды 6 ай бойы қоршау кезінде құпия түрде жер астына жасырылған деген дерек бар. «Бірақ оның нақты қай жерде жасырылғандығы бүгін ешкімге де белгісіз. Қазіргі кезде осы кітапхананың жер астына жасырылғандығы туралы ортағасырлық деректер, Отырар қалашығының маңындағы жер астынан сырты терімен қапталған араб, ежелгі шағатай тілінде жазылған көне кітаптардың табылғандығы, осы кітаптардың көне Отырар қаласының кітапханасынан шыққан деген болжам бар. Алайда аталған деректер бүгінгі таңда жан-жақты зерттеу, Отырар кітапханасын іздестіру бойынша археологиялық қазба жұмыстары толыққанды жүргізілмей отыр. Сондықтан әлемнің екінші білім бұлағы болып саналатын Отырар кітапханасын іздестіру бойынша археологиялық жұмыстардық толыққанды және жан-жақты жүргізілуіне ықпал етіп, осы жұмыстарға республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін шешуді сұраймын»,-деді Қ.Айтаханов.