Сенатор Л. Тұрлашовтың өкілеттігі тоқтатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары сенатор Лаззат Махатұлы Тұрлашовтың өкілеттігін тоқтату туралы қаулы қабылдады. Конституцияға сәйкес, депутаттық өкілеттікті тоқтату туралы мәселе палатаның дербес қарауына жатады.

Аталған шешім депутаттың басқа жұмысына ауысуына байланысты қабылданып отыр. Еске сала кетейік, жақында Алматы облысы әкімінің өкімімен Ләззат Махатұлы Тұрлашов облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған болатын.

Л. Тұрлашов 1960 жылы туған. Алматы темір жол транспорты инженерлері институтын құрылыс инженері мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Қаскелең ауданы «Жетісу» кеңшарында құрылыс цехының жұмысшысы болып бастаған. Әр жылдарда бригадир, шебер, бас прораб, құрылыс учаскесінің бастығы, кооператив төрағасы, «Алматыагрохим» АҚ бөлім бастығы, Талғар ауданы «Красное поле», «Горный садовод», «Гүлдала» ауылдық округтерінің әкімі, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары, Жамбыл, Қарасай аудандарының әкімі қызметтерін атқарған.

2011 жылдың тамыз айынан - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Әріптестері Л. Тұрлашовтың жаңа қызметіне табыс тіледі.