Сенатор М. Алтынбаев «Байқоңыр» айлағының болашағына алаңдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Мұхтар Алтынбаев «Байқоңыр» ғарыш айлағының болашағына алаңдаушылық білдірді.

Еске салайық, отырыста Қазақстан мен Ресейдің «Байқоңыр» ғарыш айлағында апаттар болған жағдайдағы өзара iс-қимыл тәртiбi туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттама қабылданған болатын.

«Құжатты комитетте талқылау барысында біз «Байқоңырдың» болашағына қатысты сұрақ қойған едік. Өйткені, қазіргі таңда Ресей өздерінің «Восточный» айлағын салуды аяқтап келеді. Бұл - олар үшін аса қымбат жоба, дегенмен, біртіндеп олар ұшыруды сол жерден өткізе беретінге ұқсайды. Осыған қатысты біз қазақстандық айлақтың болашағы жөнінде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұраған едік. Алайда мардымды жауап ала алмадық»,- деді депутат.

Сонымен қатар, сенатор «Байқоңыр» айлағы аясында «Қазғарыш» бағдарламасы бойынша қыруар қаражат бөлініп жатқанын айтып, алайда болашақ мәртебеге қатысты нақты жауаптар болмай отырғанын атап өтті.

«Қазір уақыт бар, біз бағытымызды айқындауымыз керек. Біз мамандарымыздан «Байқоңырдың» болашағы қалай деген сауалға нақты жауап күтеміз. Бұл жеңіл-желпі қарайтын мәселе емес, жобаның өзі қымбат. Қажет болса бұнда халықаралық деңгейдегі Қазақстанның ұстанымын да анықтау керек», - деді М. Алтынбаев.