Сенатор: мәдениет саласын мемлекеттік дамудың стратегиялық бағыты ретінде қарау керек

Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Бибігүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында мәдениет пен өнер саласын дамытудың жүйелі мәселелерін көтерді.

Астана қаласындағы мәдениет ұйымдарының ұжымдары сенатормен кездесу барысында дәл осы түйткілдерді алға тартқан болатын. Өзекті мәселелердің қатарында кадрлық әлеует, техникалық жағдай және сала қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалмауы бар.
Сауалда мәдениеттің елдің рухани, зияткерлік және халықаралық беделін қалыптастыруда шешуші рөл атқаратыны баса айтылған. Саланың стратегиялық маңызына қарамастан, заманауи мамандықтар мен техникалық стандарттарды енгізуден бастап, инклюзия және жекелеген шығармашылық мамандық иелеріне арналған әлеуметтік кепілдіктерге дейінгі бірқатар бағыт институционалдық деңгейде жеткілікті реттелмей отыр.

«Осыған байланысты мәдениет саласын қосалқы бағыт емес, орнықты мемлекеттік дамудың өзегі ретінде қарастыру қажет. Сала өкілдерімен кездесулерде бірқатар мәселе анықталды. Қазіргі уақытта мәдениет саласында цифрлық контент продюсерлері, сахналық цифрлық технологиялар инженерлері, инклюзивті мәдениет мамандары, мәдени деректер талдаушылары сияқты жаңа заманауи мамандықтар заңнамалық деңгейде бекітілмеген. Астана қаласындағы бірқатар театрда, концерттік ұйымдар мен филармонияларда сахналық жарықтандыру және дыбыс жүйелері ескірген, цифрлық трансляция мен мұрағаттау мүмкіндіктері шектеулі. Мүгедектігі бар азаматтардың өнерге қатысуы, инклюзивті театрлар мен шығармашылық студияларды дамыту ісі негізінен жекелеген бастамалар деңгейінде қалып отыр, олар жүйелі мемлекеттік саясатпен және тұрақты қаржыландырумен қамтамасыз етілмеген. Балет және цирк өнерінің өкілдері әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан қорғалмаған күйде қалып отыр. Сондай-ақ дирижерлердің құқықтық мәртебесі, әлеуметтік кепілдіктері мен кәсіби даму мәселелері де толық реттелмеген», - деді Бибигүл Жексенбай.

Осыған байланысты депутат Үкімет деңгейінде бірқатар институционалдық шешімдерді қарастыруды ұсынды. Оның ішінде заманауи мәдени және цифрлық мамандықтарды заңнамалық тұрғыда бекіту, дирижерлер үшін құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер орнату, мәдениет ұйымдарына арналған ең төменгі ұлттық техникалық стандарттарды енгізу бар. Сондай-ақ тұрақты қаржыландыру негізінде инклюзивті мәдени ортаны дамыту, балет және цирк өнерінің өкілдері үшін арнайы әлеуметтік қорғау шараларын қабылдау мен оларды кәсіби қайта даярлау мәселелері де ұсыныстар қатарына енді.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі көп жұмыс істелуі тиіс екенін айтты.