Сенатор мемлекеттік аудиттің жұмысын сынға алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Андрей Лукин мемлекеттік аудит комитетінің жұмысын сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатордың айтуынша, аудиторлар жыл сайын бірдей және қайталана беретін заң бұзу деректерін тіркеп келеді. Жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмеуіне байланысты бірқатар тексеру нәтижесіз аяқталды.

«Атап айтқанда, жоспарланған 82 іс-шараның 28-і немесе 34% астамы жылдық тізімге негізсіз енгізілген болып шықты. Соған қарағанда, тексерілген жекелеген министрліктерде ешқандай қауіп деңгейі жоқ. Жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы салдарынан бірқатар тексерудің нәтижесі төмен әрі тиімсіз болып шықты», - деп атап өтті Андрей Лукин Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Сонымен қатар сенатор камералдық бақылау жүргізу мәселесін көтерді. Депутаттың ақпараты бойынша аумақтық департаменттер бақылаудың бұл түрін жүргізген жоқ. Дегенмен жалпы сомасы 300 млрд теңгеден астам 3 мың мемлекеттік сатып алу рәсіміне қатысты жүргізілуі тиіс еді.

Тіпті өткізілген жағдайларда да, шенеуніктер көбінесе шартты жеңілдіктерді өздері есептейді. Яғни шешім тексерушінің субъективті пікіріне байланысты болады. Мұнымен қоса, аудиторлар жекелеген жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылықтардың айқын белгілері болған кезде материалдарды құқық қорғау органдарына жібермейді және әкімшілік ықпал ету шараларын қолданбайды.

Сенатор осыған қатысты аудиторлардың жұмысын жақсарту мен бюджет қаржысын, мемлекет және квазимемлекеттік сектор активтерін басқару мен пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.