Сенатор жұмыссыздық пен кенже қалған ауыл ахуалы ретсіз урбанизацияға әкелгенін атап өтті. Нәтижесінде, адамдар жазғы саяжай үйлеріне қоныстанды, олардың көпшілігінде заңды мәртебе де жоқ.
«Көптеген саяжай аймағы аумақтық және заңды түрде нақты елді мекенге жатпайды, ал онда тұратындардың саны ресми статистикада жоқ. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша республикалық маңызы бар қалалардың шекарасында орналасқан саяжай учаскелерінің саны: Нұр-Сұлтан қаласында – 12 мыңнан астам, Алматы қаласында - 26 мыңнан астам, Шымкент қаласында – 17 мыңнан астам», - деді ол Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Ольга Булавкина мұндай саяжай аймақтарында шешілмеген мәселелер көп екенін атап өтті. Тұрғындар үйлерінің газбен, орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмеуіне шыдауға мәжбүр. Кейбір аудандарда жарық жоқ, жол мен медицина мекемелері жоқ. Жастармен жұмыс істеу проблемалары да ерекше назар аударуды талап етеді.
«Саяжай аймақтарында тұратын жастар туралы айтқанда, олардың әлеуметтік-мәдени, білім беру инфрақұрылымына қолжетімділігі шектеулі деп айтуға болады. Жоғарыда айтылғандардың бәрі жастардың бір бөлігінің өмір сүру деңгейінің төмендеуіне және билік институттарына сенімсіздік туғызуға душар етеді», - деді Ольга Булавкина.
Аталған мәселелерді шешу үшін ол саяжай аймақтарының аумақтарына құқықтық мәртебе беру және оларды аумақтарды дамыту бағдарламасына енгізу мәселесін қарауды ұсынды.
Сонымен қатар, саяжай аймақтарындағы жағдайға талдау жүргізу маңызды. Бұл тұрақты тұратын азаматтардың нақты санын және олардың әлеуметтік мұқтажын қанағаттандыру дәрежесін анықтау үшін қажет.
Сенатор сондай-ақ білімі мен кәсіби дайындық деңгейін анықтау, сондай-ақ еңбек ресурсын жұмыспен қамту салалары бойынша бөлу мақсатында осы аумақтарда тұратын халықтың әлеуметтік-экономикалық сипаттамалық картасын жасау қажеттігін атап өтті.