Сенатор тегін медицина мен білімнің болашағы туралы айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан тарихи маңызы бар саяси науқан — республикалық референдум алдында тұр. Ата Заңға енгізілетін түбегейлі өзгерістер, адам құқығының қорғалуы және әлеуметтік кепілдіктер туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай «Jibek Joly» телеарнасының студиясында кеңінен тарқатып айтып берді.
Сенатордың айтуынша, бұл жолғы конституциялық реформаның басты ерекшелігі — преамбуладан бастап адам және оның құқықтарының бірінші кезекке шығуы. Сондай-ақ мемлекеттің мыңжылдық тарихы мен болашаққа бағдарланған инновациялық даму бағыты да Ата Заңда нық көрсетілмек.
— Бұл референдум — халықтың өз үнін естіртуіне, мемлекет басқару ісіне тікелей араласуына берілген үлкен мүмкіндік. Біз преамбулаға Қазақстанның ежелден келе жатқан тарихын кіргіздік. Сонымен қатар 21 ғасырдың сұраныстарына орай, цифрлық және инновациялық даму мәселелерін де конституциялық деңгейде бекітіп отырмыз, — дейді Бибігүл Жексенбай.
Реформаның тағы бір маңызды тұсы — Парламенттің рөлін күшейту және Халық кеңесін құру арқылы азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру. Енді кез келген белсенді азамат мәслихаттар мен қоғамдық ұйымдар арқылы мемлекеттік басқару процесіне ұсыныс бере алады.
Алайда маңызды науқан қарсаңында халық арасында түрлі жалған ақпараттар мен түсініспеушіліктер де туындап отыр. Әсіресе әлеуметтік желілерде «медицина мен білім ақылы болады» деген фейк видеолар тарап жатыр.
— Халық арасында білім мен медицинаға қатысты түсініспеушілік бар. Медицина және орта білім тегін болып қалады, фейктерге сенбеңіздер. Бұл — мемлекет тарапынан берілетін конституциялық кепілдік. Сондай-ақ отбасылық құндылықтар мен әйелдер құқығын қорғау мәселесі де басты назарда. Қыз алып қашу сияқты қисық дәстүрлерге тосқауыл болатын конституциялық тетіктер қарастырылған. Ана мен баланың құқығы Ата Заңмен қорғалады, — деп түсіндірді депутат.
Референдумға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Депутаттың айтуынша, халықтың саяси сауаттылығы мен белсенділігі Бұл жолы бұрынғыдан әлдеқайда жоғары.
Айта кетейік, қазақстандықтар 15 наурыз күні 10402 учаскеде дауыс бере алады.