Сенатор: Үкімет сумен қамтуға бөлінетін қаражатты қадағалауды күшейту керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қайрат Қожамжаров Үкімет халықты сумен қамтуға бөлінетін қаражатты қадағалауды күшейту керектігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағанды облысында «Жәйрем-Қаражал» топтық су құбырының тартылып жатқанына 10 жыл болды. Алайда жобалаудың дұрыс болмай, құрылыстың сапасыз жүргізілуіне байланысты ол пайдалануға берілмеген. Оның үстіне нысанның құрылысы 830 млн теңгеден 6,7 млрд теңгеге дейін, яғни 8 есе қымбаттаған. Мұндай жағдайлар Павлодар облысында да (құны 5,5 млрд теңге су құбыры), Түркістан өңірінде де (1,5 млрд теңге - магистраль арнасы), Жамбыл облысында да (550 млн теңге - Талас су қоймасы мен магистральды арна) тіркеліп отыр», - деді Қайрат Қожамжаров Сенат отырысында.

Сенатор Қазақстан Президентінің Жолдауы аясында алдағы үш жылда халықты сумен қамту үшін 250 млрд теңге бөлінетінін жеткізді.

«Бұған қоса Қазақстанның 4 облысындағы ирригациялық желілерді қалпына келтіру үшін 250 млн долларды, яғни 97 млрд теңгені Үкіметтің кепілімен Азия даму банкі беріп отыр. Осы қаражат арналарды тазартуға, жөндеуге, су тартуға, 4 мыңға тарта гидротехникалық құрылымдарды қайта жөндеуге жұмсалады. Бұл ретте Үкімет сумен қамтуға бөлінетін қаражатты қадағалауды күшейту керек», - деді Қайрат Қожамжаров.